ІІМ баланы аяғынан айырған автобус апатына кінәлі жүргізушінің неліктен рақымшылыққа ілінгені туралы ақпаратқа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне мәлімдеме жасады.
«Астанада оқушы қызды екі аяғынан айырған автобус апатына кінәлі жүргізушінің рақымшылыққа ілігуі әділетті ме?» деп сұрады БАҚ өкілдері Ішкі істер министрлігінен.
Біз материалдарды әзірлейміз. Ол материал әрі қарай соттың қарауына жолданады. Шешімді шығаратын – сот. Оның шешіміне біз араласуға құқымыз жоқ. Сот шешім қабылдаса, демек ол заңды, - деп жауап берді Қайсар Сұлтанбаев.
Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.
2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.
Кейін Астанада 8 жасар қызды мүгедек еткен жүргізуші рақымшылыққа іліккені белгілі болды.