Қостанай облысында жоғалған ер адам табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өткен түні Қостанай ауданында Рыспай мен Садчиковка ауылдарының арасында 1975 жылы туған ер адамды іздеу жұмыстары сәтті аяқталды.
15 ақпанда сағат 16:00 шамасында ер адам Садчиковка ауылынан Рыспай ауылына қарай көкпарға дайындық мақсатында екі атпен шыққан. Алайда межелі жеріне жетпеген. Ұялы телефоны сөндірулі болғандықтан, онымен байланыс болмаған. Кейін аттардың бірі итпен бірге иесінсіз ауылға өздігінен оралған. Бұл жергілікті тұрғындарды алаңдатты, - деп хабарлады ТЖМ.
Іздеу-құтқару жұмыстарына құтқарушылар, полиция қызметкерлері, еріктілер және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Іздеу барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен кинологиялық есептер қолданылды.
Министрліктің мәліметінше, ер адамды Садчиковка ауылынан шамамен 6 шақырым жерде далада құтқарушылар тапты. Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында іздеу жұмыстары сәтті аяқталды. Табылған азаматқа медициналық көмек қажет болмады.