Елбасы: Екі қаланы миллион тұрғыны бар елді мекенге айналдырамыз

16 Мамыр 2019, 13:12
4455
Бөлісу:
Елбасы: Екі қаланы миллион тұрғыны бар елді мекенге айналдырамыз
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХІІ Астана экономикалық форумында осылай деді.


«Бүкіл әлемде, оның ішінде біздің елде урбанизация жоғары қарқынмен дамып келеді. Бізде халықтың 40% ауылдарда тұрады. Дегенмен, 20% ауылда жұмыс істесе, 20% ауылда тұрғанымен қалада еңбек етеді. Ірі қалаларымыз өсіп жатыр. Ел астанасы бар-жоғы 20 жыл ішінде 180 мың тұрғыны бар шағын қаладан 1,2 миллиондық ірі қалаға айналды. Ең ірі қала - Алматы тұрғындарының саны 2 миллионнан асып түседі. Былтыр тағы бір миллион тұрғыны бар қала - Шымкент қосылды. Біз тағы екі қаланы осы деңгейге жеткізбекшіміз. Олар даму орталығына айналып, адамдарды, білім мен технологияны магнит сияқты тартатын болады. Бұл қалалар - Ақтөбе мен Қарағанды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев форумның пленарлық отырысында.

Астана экономикалық форумы (АЭФ) - Еуразиядағы жыл сайынғы іскерлік шара. АЭФ алғаш рет 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтті. 11 жыл ішінде форум әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың біріне айналды. Жалпы, Астана экономикалық форумына әлемнің 150 елінен 50 мыңға жуық делегат, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаты мен 30-дан астам жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткер қатысты. 

Ал биылғы форум жұмысына әлемнің 74 елінен сарапшылар, саясаткерлер, бизнесмендер мен ғалымдар қатысуда. Тіркелген делегаттардың жалпы саны 5 492. Шетелдік және қазақстандық БАҚ тарапынан аккредиттелгендер саны әлемнің 30 елінен 710-нан астам адамды құрайды. 2019 жылғы форум тақырыбы: «Ынталандырушы өсу: адамдар, қалалар, экономикалар». АЭФ аясында екі күн ішінде 50-ден астам сессия мен іс-шара өтеді.
Өзгелердің жаңалығы