«Көзімнің қарасы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жүзбай Серікұлы BAQ.KZ тілшісіне екі көзінің қашан көрмей қалғанын, екі зағипты өз-өздеріне қол жұмсаудан қалай құтқарғанын айтып, басты мақсатымен бөлісті.
«Екеуі өз-өздеріне қол жұмсайын деп жатыр»
Менің 2009-да бір көзім мүлде көрмей қалды. Ота жасап, көзімді ағызып жіберді. Сонда келе жатып есікке соғыламын, бір көзбен қиын екен. Сосын 2015 жылы екінші көзіме ота жасады, 2017 жылы мүлде көрмей қалдым, жатып қалдым.
Ауруханада ем алғанымда бір палатада 3 адам жаттық. Біреуінің отбасы тастап кеткен, екіншісі – жетім бала. Бір күні түнде бірнәрсе тықырлап, тарсылдайды. Не десем, екеуі өз-өздеріне қол жұмсайын деп жатыр. Біреуі «Мені отбасым тастап кеткен, жалғыз тұрамын, ешкімге керек жоқпын. Мына көзім көрмесе, мен не істеймін?» дейді. Екіншісі «Жүзбай, менің үстімдегі киімнің кір-кір емес екенін, үтіктелгенін білмеймін. Мен жетіммін ғой. Кімге керекпін?» деді.
Сосын оларға «Сабырлық сақтаңдар. Алла Тағала өз-өздеріне қол жұмсағандарды кешірмейді» деп басу айтып, тоқтау салдым. «Егер көзім ашылса, мен сендерге зағиптар үйін саламын» деп уәде бердім. Бір Алланың қалауымен 2017 жылы көзімде саңылау ашылды, оған дейін тас қараңғы болатын. Қазір адам танымаймын, бірақ сұлба көремін. Таяқпен жүремін.
«Қарттар үйі бар, зағиптар үйі жоқ»
Бізде қарттар үйі бар, жетімдер үйі бар, бірақ көзі көрмейтін адамдардың үйі жоқ екен. Көзімде саңылау ашылған соң сол мәселемен айналыса бастадым, әкімге бардым. 2018 жылы әкім маған Астана қаласы Баршын көшесінен 2 гектар жер берді. Сосын 4 қабат, 3 блоктан тұратын ғимараттың жобасын жасадық. Оның ішінде кітапханасы, асханасы, мейрамханасы, мәдениет үйі, шеберханасы, бассейні, офтальмалогиясы, жатақханасы – бәрі болды. Шетелден демеушілер де таптық. Бірақ коронавирус болды да, тоқтап қалды. Кейіннен Ресейден демеуші тапқанда тағы тоқтады, соғыс басталып кетті. Әлі де демеушілер іздеп жатырмыз, болыңқырамай тұр.
Өзіне қол жұмсамақ болған жігіттер маған «Жүзбай, не болып жатыр? Салынды ма?» деп хабарласып тұрады (күлді).
Мені Қазақстанда көзі көрмейтіндердің көбі біледі. Ел бойынша көзі көрмей, жалғыз қалғандарға сұрақ қойып, оларды видеоға түсірген болатынмын. Олар өте көп екен.
Тәуелсіз, еркін өмір сүру орталығы салынса, бұл жерге басқа қаладан да келеді. Жатып, жұмыстарын бітіреді де, қайтадан кете береді. Ал көзі көрмей, жалғыз қалған адамдар ондай орталықта өмір бойы тұра алады. Зағиптар үйінде көзі көрмейтіндердің бір-біріне үйленуіне, оларды жұмыспен қамтуға барлық мүмкіндік жасалады.
Тәуелсіз, еркін өмір сүру орталығын саламын деген мақсатпен әлі жүрмін...