eGov Mobile қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы пайда болды

Отбасының әл-ауқатын алдын ала бағалауға мүмкіндік беретін калькулятор eGov Mobile қосымшасында қолжетімді болды.

 gov.kz 18 Қазан 2026, 15:48
18 Қазан 2026, 15:48
138
Фото: gov.kz

eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалауға арналған калькулятор іске қосылды. Жаңа сервис қазақстандықтарға бағалау өлшемшарттарымен танысып, отбасының әл-ауқат деңгейін алдын ала анықтауға мүмкіндік береді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Жаңа сервис мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын азаматтарға қажеттілігіне қарай көрсету жүйесіне көшу аясында іске қосылды.

Калькулятор азаматтарға бағалау өлшемшарттарымен танысып, отбасының әл-ауқат деңгейін анықтауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті министрлік өкілдері.

Есептеу кезінде отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, әлеуметтік жағдайы да ескеріледі. Атап айтқанда, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы назарға алынады.

Бағалау әдістемесі алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішті қамтиды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, есептеу пайдаланушының өзі енгізген деректер негізінде жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие.

Министрлік калькулятор нәтижесі әлеуметтік төлемдерді тағайындау немесе тоқтату туралы шешім болып саналмайтынын да ескертті.

Айта кетейік, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 36 мемлекеттік жәрдемақының 14 түрін тағайындау кезінде мұқтаждық қағидаты қолданыла бастайды. Табысы жоғары А және В санатындағы отбасыларға бұл жәрдемақыларды төлеуге шектеу қойылады. Ал қалған 22 түрлі төлем бұрынғы тәртіппен тағайындала береді.

Наверх