Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» басқарма төрағасы Әсет Тұрысов 2019 жылы «Электрондық үкімет» порталында іске асатын жобалар туралы баяндады.
«Бүгінде мемлекеттік органдарда қағазбастылық, уақытты шығындау мәселесі бар. Сол себепті біз мемлекеттік органдар мен жеке меншік сектор арасындағы ақпараттық жүйелерді оңтайландырудың жеңілдетілген процесін сүйемелдейтін Smart Bridge жобасын әзірледік. Бұл үш айдан бір айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді басқарма төрағасы.
Әсет Тұрысов азаматтардың деректерін сақтауға болатын Digi Locker жобасы қалай жұмыс істейтінін айта кетті.
«Сіздер деректеріңізді қандай да бір жүйеге, gmail-ға, шетелге сақтайсыздар. Неге ресми деректеріңізді, мысалы жеке куәлікті фотоға түсіріп, eGOV-тың бұлтына сақтап қоймасқа?! Құжатыңызды үйде қалдырып кетсеңіз «Электрондық үкімет» порталын ашып, қызметкерлерге жеке куәліктің көшірмесін көрсетіп, бұл расталған eGOV пен сіздің құжатыңыз екенін көрсете аласыз. Жеке куәлікті жиі ұмытамыз, ал фото порталда сақталып тұрады. Яғни, eGOV-та құжаттарды бұлтта сақтайтын жүйе болады», - деді Әсет Тұрысов.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарының бірыңғай платформасы жобасын жүзеге асырып отыр.
«Бүгінде мемлекеттік органдардың 296 сайты жұмыс істейді. Олардың контенті, ақпараты – әртүрлі. eGOV азаматтар арасында белгілі сайт, портал болған соң осы сайттардың бәрін порталға біріктіру жоспарда бар. Биыл жоба іске қосылды, әзірге төрт министрлікпен жұмыс істеп жатырмыз. Адамдар порталға кіру арқылы басқа мемлекеттік органдардан қажетті ақпараттарын ала алады», - деді ол.