Қазақстанның электрондық үкімет порталы 2013 жылы құрылған технологиялар негізінде жұмыс істеп келген. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, қазіргі таңда порталдың инфрақұрылымына түсетін жүктеме артып, жаңа функцияларды іске қосуда шектеулер туындаған.
Біз eGov порталын түбегейлі жаңғыртуға кірістік. Қызметтерді қайта құрастырып жатырмыз, бұл болашақта оларды бірнеше батырманы басу арқылы тез әрі оңай алуға мүмкіндік береді, - деді министр.
Министрліктің мәліметінше, электрондық үкіметтің шлюзі жаңартылып, мемлекеттік органдар арасындағы интеграциялау процестері оңтайландырылған. Бұдан бөлек, 2000 пайдаланушыдан тұратын фокус-топ арасында виртуалды AI-ассистент тестіленіп жатыр.
Бұл жаңа шешімдер eGov порталының инклюзивті және баршаға қолжетімді болуын көздейді. Мәселен, көру қабілеті нашар немесе зағип азаматтар үшін дауыстық және мәтіндік навигация енгізіледі. Сонымен қатар, әрекетке қабілетсіз тұлғалардың қамқоршыларына арналған функциялар да кеңейтіледі, - деді Мәдиев.