Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жаңаөзенде ерекше той өтті. Бірден екі жұп егіздер некелерін қиып, шаңырақ көтерді, деп хабарлады инАктау.
Үйленген егіз жігіттердің анасы Гүлбаршын Исаеваның айтуынша, олар отбасымен Жаңаөзен жанындағы Қызылсай ауылында тұрады. Оның 26 жастағы ұлдары Жаулы мен Жар өздерінің болашақ әйелдері Жанар мен Шынарды биыл достарымен басқосу кезінде кезіктірген. Олар 18 жастағы егіз қыздарды бірден ұнатып қалған.
«Менің ұлдарым Жанар мен Шынарды көргеннен кейін сөйлесіп, бір-бірін ұната бастады. Олар қыздарды кездесуге шақырып, осылайша ғашық болып қалды. Бір күні үйге келіп үйленгілері келетіндерін айтты. Сөйтіп болашақ келіндерімізбен таныстық», - деді Гүлбаршын ханым.
Егіз жігіттердің анасының сөзінше, жаңа түскен келіндері Маңғыстау ауылында тұрып келген. Екеуі де әлі оқу оқып жатыр: біреуі – банк ісінің негіздерін меңгеріп жатса, екіншісі медицина саласына ден қойған.
«Қыздар үй шаруасына көмектеседі, тамақ пісіреді», - дейді егіздердің анасы.
Үйге егіз келін түскенімен Гүлбаршын оларды шатастырмайтын көрінеді.
«Жақсылап қарасаңыз, қыздардың бір-біріне ұқсамайтын жерлері бар. Оның үстіне біреуінің кекілі бар болса, екіншісінде жоқ. Ұлдарымды да шатастырып көрмеппін. Өзімнің балаларым ғой. Жаулы мен Жар егіз болғанымен олар әртүрлі. Дегенмен, адамдар шатастырып жатады», - деді ол.
Жастардың некелесуіне баталарын берген соң, тойға дейінгі қарбалас дайындық басталды. Дәстүр бойынша екі той өткізілген. Бірінші – ұзату той, екінші – үлкен той.
Той 21-22 қыркүйек күндері Жаңаөзенде өтті. Отбасының қуанышын бөлісуге жалпы 400-дей қонақ келген.