Египеттегі турнирде қазақстандық парадзюдошылар екі алтын, екі күміс жеңіп алды

Бұл жарыста 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысу үшін рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады.

 Жандос Қиянов 19 Тамыз 2025 2025, 15:48
19 Тамыз 2025 2025, 15:48
1406
Фото: Жандос Қиянов

Египеттің Гиза қаласында өтіп жатқан халықаралық IBSA Judo Grand Prix – 2025 турниріне Қазақстаннан 11 спортшы қатысуда. Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық парадзюдошылар екі алтын және екі күміс медаль иеленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

J1-52 келі салмақ дәрежесінде күрескен Әлфия Тлекқабыл үш кездесу өткізіп, барлығында таза жеңіске жетіп, «алтыннан» алқа тақты.

J2-81 келіде финалда бірден екі қазақстандық спортшы жолықты. Шешуші белдесуде Бексұлтан Құлмырза жеңіс тұғырынан көрініп, алтын медаль иегері атанса, Ғалымжан Смағұлұлы күміс жүлдегер болды.

J1-81 келіде ел намысын қорғаған Ерғали Шамей финалға дейін жетті. Алайда шешуші сәтте Германия спортшысына жол беріп, күміс медальға ие болды.

J1-70 келі салмақ дәрежесінде Аслан Нұрдәулетов пен Темір Ташкенов татамиге шыққанымен, табанды күреске қарамастан жүлделі орыннан тыс қалды.

Жарыстың екінші күнінде тағы бес қазақстандық парадзюдошы татамиге шығады. Гизадағы Гран-при – 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына қатысуға қажетті рейтингтік ұпайлар беретін басты турнирлердің бірі, - деді парадзюдо құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов.

Айта кетейік, бұл жарысқа әлемнің 27 елінен мықты спортшылар қатысып жатыр.

Наверх