Египетке кіру ережесі өзгерді: туристер нені білуі керек?

Қазақстан мен Египет арасында визалық режим сақталғандықтан, Қазақстан азаматтары елге бару үшін қолданыстағы талаптарға сәйкес виза рәсімдеуі қажет.

 depositphotos.com 5 Тамыз 2026, 02:35
5 Тамыз 2026, 02:35
143
Фото: depositphotos.com

Египет келу визасын цифрлық форматта рәсімдеудің жаңа жүйесін кезең-кезеңімен іске қосты. 2026 жылғы 1 тамыздан бастап келу визасын алуға құқығы бар шетелдік азаматтар визалық алымды алдын ала онлайн төлеп, шекаралық бақылаудан өткен кезде көрсетілетін QR-кодты ала алады.

Қазіргі уақытта жаңа жүйе тек Каир халықаралық әуежайында пилоттық режимде жұмыс істейді және дәстүрлі қағаз виза рәсімдеу тәртібімен қатар қолданылады.

Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?

QR-кодты Visa on Arrival ресми порталы немесе App Store, Google Play және AppGallery платформаларындағы мобильді қосымша арқылы алуға болады. Сонымен қатар, Каир әуежайына келгеннен кейін келу залдарындағы өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы да рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.

Өтінім беру кезінде азаматтығыңыз бен келетін әуежайды көрсету қажет. Әзірге жүйеде тек Каир әуежайы (CAI) қолжетімді. Кейін жарамды электрондық пошта мекенжайы енгізіледі, оған QR-код жіберіледі. Құжатты қағазға шығару міндетті емес, оны смартфонда көрсету жеткілікті.

Египеттің Туризм және көне мұралар министрі Шериф Фатхи жаңа жүйе елге кіру рәсімін жеңілдететінін айтты. Оның сөзінше, пилоттық кезең платформаның тиімділігін бағалап, кейін оны басқа әуежайлар мен шекаралық өткізу бекеттеріне кезең-кезеңімен енгізуге мүмкіндік береді.

Цифрлық виза қанша тұрады?

Цифрлық келу визасын рәсімдеу құны – 36 АҚШ доллары (шамамен 17 мың теңге).

Оның ішінде:

  • 30 доллар – визалық алым;
  • 6 доллар – QR-кодты рәсімдеуге арналған сервистік төлем.

Төлем тек банк картасы арқылы қабылданады. Бір төлеммен бірнеше адамның визасын рәсімдеуге болады, бірақ әр жолаушыға жеке QR-код беріледі.

Айта кетейік, 2026 жылғы наурыздан бастап Египетке келу визасының құны 30 долларға дейін өсті. Жаңа цифрлық қызметті пайдаланған жағдайда оған қосымша 6 доллар сервистік алым қосылады.

QR-кодтың жарамдылық мерзімі

QR-код берілген күннен бастап жеті күн бойы жарамды және оны бір рет қана пайдалануға болады.

Сондықтан туристерге QR-кодты сапарға шамамен бір апта қалғанда рәсімдеу ұсынылады. Төлем жасалғаннан кейін өтінімдегі мәліметтерді өзгерту мүмкін емес.

Айта кету керек, бұл жүйе атауына қарамастан толыққанды электрондық виза (e-Visa) болып саналмайды. Ол тек визалық алымды алдын ала төлеуге және QR-код алуға мүмкіндік береді. Елге кіруге рұқсат беру туралы соңғы шешімді шекара қызметінің қызметкері құжаттар мен QR-кодты тексергеннен кейін қабылдайды.

Сондай-ақ саяхатшылар келу визасын алуға құқығы бар-жоғын өздері алдын ала тексеруі тиіс. QR-кодтың болуы елге міндетті түрде кіруге рұқсат берілді дегенді білдірмейді.

Барлық төлемдер қайтарылмайды. Өтінімде қате жіберілсе, сапар кейінге қалдырылса немесе елге кіруге рұқсат берілмесе де, қаражат кері қайтарылмайды.

Қағаз виза әзірге сақталады

Пилоттық кезеңде QR-код арқылы рәсімдеу міндетті емес. Египет билігі цифрлық жүйе әзірге қағаз виза жапсырмаларымен қатар қолданылатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда жаңа қызмет тек Каир әуежайына келетін жолаушылар үшін қолжетімді. Ал Хургада, Шарм-эш-Шейх, Марса-Алам, Луксор және Александрия әуежайларына ұшатындар үшін бұл жүйе әзірге енгізілген жоқ.

Қазақстан мен Египет арасында визалық режим сақталғандықтан, Қазақстан азаматтары елге бару үшін қолданыстағы талаптарға сәйкес виза рәсімдеуі қажет.

Египет қазақстандық туристер арасында, әсіресе Қызыл теңіз жағалауындағы курорттарға тікелей рейстердің арқасында күзгі-қысқы маусымда ең танымал шетелдік бағыттардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар, жақында Египет қазақстандықтарға баруға ұсынылмайтын елдер тізімінен шығарылды.

Наверх