"Егіндікөл, Қорғалжын аудандары". Үкімет өңірлердегі су тапшылығын қалай шешетінін айтты

11 Маусым 2024, 10:48
378
Бөлісу:
"Егіндікөл, Қорғалжын аудандары". Үкімет өңірлердегі су тапшылығын қалай шешетінін айтты
Фото: Арман Мухатов - архив

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда республикалық меншікте "Нұра топтық су құбыры" РМК және "Қазсушар" РМК қызмет көрсететін, жалпы 1,4 млн астам халқы бар 660 елді мекенді сумен қамтамасыз ететін, ұзындығы 15,1 мың шақырымға 39 топтық су құбыры бар, – деді вице-министр үкімет отырысында.

Ол ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында онда су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Мәселен, 29 жоба 9 облыста іске асырылуда (Ақмола, Атырау, Алматы, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан, БҚО және СҚО). Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 2 мың шақырым су құбырын реконструкциялау және салу жоспарланған. Бұл 437 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, жалпы саны 92 мың адамға жететін 44 елді мекен тұрғындарын орталықтандырылған сумен жабдықтауға қосылуға мүмкіндік береді, – деді ол.

Болат Бекнияз алда елді мекендерді сумен қамтамасыз ету үшін 5 жоба әзірленіп жатқанын айтады.

Нәтижесінде 200 елді мекенді сумен жабдықтау жақсартылады және қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар Ақмола облысының Егіндікөл және Қорғалжын аудандарының елді мекендерінде Нұра топтық су құбырының өте нашар жағдайына байланысты сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Жұмыстар Үкімет резервінен қаражат есебінен жүргізілуде, – деді вице-министр.

Бұған дейін Бектенов екі өңірдің әкімдігіне ескерту жасаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы