Егін жинау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

25 Тамыз 2020, 10:17
3712
Бөлісу:
Егін жинау жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров онлайн өткен Үкімет отырысында биылғы егін жинау жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын айтты.

Егін жинау қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Мәселен, бүгінгі таңда республика бойынша барлығы 3,3 млн гектар дәнді және бұршақты дақылдар немесе олардың жалпы алаңының 21,2 пайызы жиналды. Былтырғы жылы осындай кезеңде 2,1 млн гектар немесе 14 пайызы жиналған болатын. Орташа өнімділік гектарына 13,5 центнерді құрап, 4,5 млн тонна астық бастырылды. Өздеріңіз білетіндей, биылғы жаз маусымында өткен жылғыдай қуаңшылық болды. Төтенше жағдай мен карантин режиміне қарамастан, егіс науқаны оңтайлы мерзімде жүргізілді. Ылғалды жабын мен топырақты егіс алдындағы өңдеу бойынша сапалы және уақытылы жүргізілген іс-шаралар топырақтың өнімді ылғалдығын сақтап қалуға мүмкіндік берді, - дейді министр.

Оның айтуынша, биыл елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. 

Статистикалық деректер бойынша, биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алаңы 22,7 млн гектарды құрады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 439,2 мың гектарға көп. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар алабы 15,8 млн гектарды, майлы дақылдар – 2,9 млн гектарды, көкөніс, бақша дақылдары мен картоп – 457,4 мың гектарды, мақта – 125,8 мың гектарды, қант қызылшасы – 20,9 мың гектарды, азықтық дақылдар – 3,3 млн гектарды құрады, - деп нақтылады Сапархан Омаров.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин астықты уақытылы жинау керектігін айтып, тиісті ведомстволарға нақты тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы