Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы ауысты. Бұл туралы журналист Серікқали Мұқашев әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Курстас досымыз, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Ғабит Мүсіреп қазақ баспасөзінің қарашаңырағы, еліміздің бас басылымы – «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тағайындалды! Құтты болсын! Еңбегіңе жеміс, «Егеменге» толайым табыс тілейміз!!!, – деп жазды Серікқали Мұқашев.
Ғабит Іскендерұлы Мүсіреп Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тамамдаған. 1992 жылдан, V курстан бастап «Егемен Қазақстан» жалпыұлттық республикалық газетінде еңбек етті. Аталған басылымда тілші, аға тілші, шолушы, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды.
Бұған дейін «Нұр Астана» республикалық жастар апталығының бас редакторы болған. «Рухыңды түсірме, ұлым» (2010 жыл) атты публицистикалық шығармалар жинағы жарық көрген. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері.