Қазақстанның тәуелсіздік жылдары бойы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы Қазақстанның Эфиопиядағы Елшілігі журналистердің қатысуымен ұйымдастырған дөңгелек үстелдің күн тәртібінде болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тәуелсіздік күніне орайластырылған іс-шара барысында Қазақстанның Елшісі, Африка Одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Елші Қазақстанның жанжалдарды реттеуге, таратпау және қарусыздану режимін нығайтуға, биологиялық қауіпсіздікке, терроризм мен экстремизмге, жаһандық климаттың өзгеруіне қарсы күреске, Еуропа мен Азиядағы диалог пен сенім шараларын дамытуға, ашық теңізге шығатын жолдары жоқ елдердің транзиттік тартымдылығын арттыруға, әлемдік және дәстүрлі діндер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға қосқан халықаралық үлесі туралы айтып берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің тұрақты дамуындағы рөлі туралы хабардар етті.
Сонымен қатар, ол қазіргі геосаяси шындықтағы ҚР көпвекторлы және прагматикалық сыртқы саясатының өзектілігін ерекше атап өтті. Елші еліміздің БҰҰ Жарғысында бекітілген ішкі істерге араласпау, аумақтық тұтастық және заң үстемділігі деген негізгі қағидаттарына бейілділігін растады.
Талқылау барысында Б. Садықов ағымдағы жылы Қазақстанның Эфиопиямен ынтымақтастығын қорытындылады және оның одан әрі дамуының негізгі перспективаларын белгіледі. Қазақстандық дипломат қазіргі жағдайда жаһандық диалогты қалпына келтіру барлық жақын және алыс елдермен оң, сындарлы, теңгерімді қарым-қатынаста болатын Қазақстан мен Эфиопия секілді Middle power елдеріне байланысты екендігіне сарапшылардың назарын аудара отырып, көпжақты алаңдарда Эфиопиямен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниет білдірді.
Эфиопиялық сарапшылар өз кезегінде Қазақстанның демократиялық құрылыс бағытындағы жетістіктерін жоғары бағалады, сондай-ақ қазіргі жағдайда еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының ерекшеліктерін зерттеуге үлкен қызығушылық танытты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Елші журналистерге қызықты пікір алмасқаны үшін алғысын білдірді.