Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі парақшасында Бурабайда өткен төртінші Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің болашағы үшін маңызды бірқатар бастамаларды ұсынғаны туралы жазба жариялады.
Оның ішінде Қазақстанның ішкі саясатын жүйелі түрде дамытуға, ұлттық құндылықтарды қорғауға және ғылымды өркендетуге бағытталған бағыттар еліміз үшін өте өзекті болып отыр.
Бірінші, Қазақстанның ішкі саясатының жаңа тұжырымдамасы Мемлекет басшысы Қазақстанның ішкі саясатының жаңа Тұжырымдамасын жасақтау қажеттігін атап өтті. Оны әзірлеу жөніндегі бастаманы Ұлттық құрылтайдың жекелеген мүшелері (Е.Жаңбыршин, А.Сарым, Н.Шаталов, Г.Илеуова, М.Шибутов, Д.Әшімбаев, А.Чеботарев және т.б.) көтерген болатын. Жалпыұлттық құндылықтарға негізделген идеология мемлекет бен қоғамды дамытуда аса маңызды рөл атқарады.Бұл құжат елдегі ұлттық бірлікті, рухани жаңаруды, саяси, экономикалық және әлеуметтік салаларды жетілдіруді және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін негізгі бағыттарды айқындауы қажет. Тұжырымдама мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып, елді бір мақсатқа, бір мүддеге жұмылдыратын идеялардың жиынтығы болуы шарт. Президент мемлекеттік органдарға тұжырымдаманы жан-жақты зерделеуді және оны одан әрі іске асыру жөніндегі мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды. Осы орайда қазақ тіліне деген сұраныс пен қажеттілік Тұжырымдаманың негізгі діңгегінің бірі болуы қажет деп есептеймін. Президент Қ.К. Тоқаев балалар мен жастар арасында ана тілге деген құрметті дәріптеуді, идеологиялық құрал есебінде кинематографияны дамытуды атап өтті. Қазақ тіліндегі және ұлттық нақыштағы анимациялық киноны одан әрі дамыту жолындағы оң мысал ретінде қазақ этнографы және саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың қызметіне арналған «Шоқан. Қашқария сапары» мультфильмі аталды, - деп жазды депутат.
Сондай-ақ ол мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтып, жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алуын қамтамасыз етуі керек екенін айтты.
ЛГБТ-ға тосқауыл қою. Президент Қ.Тоқаев: «Демократиялық моральдық делініп жүрген құндылықтар, оның ішінде ЛГБТ көптеген елге ондаған жыл бойы таңылып келді. Осындай желеумен халықаралық үкіметтік емес қорлар мен ұйымдар көптеген елдің ішкі ісіне негізсіз араласты. Оның түпкі мақсаты бар болғаны ұрлық, яғни сан миллиардтық бюджетті қалтаға басу екен. «Даму мен демократия», «адам құқықтары», «баспасөз бостандығы», «сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» деп ұрандатып жүргендердің бәрінің дерлік жеке байлығы жалақысының мөлшеріне еш сай келмейді», - деді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Трамп бастаған Америка әкімшілігінің жаппай қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты оқиғаларды анықтауға және «тұңғиық мемлекет» ұғымына тән саяси екіжүзділікті әшкерелеуге, дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық екенін айтты. Осыған орай, Президент біздің еліміздің ішкі проблемаларына назар аударып, тек ұлттық мүдделерді қорғау мақсатында әрекет етуіміз керек екенін назарға салды. Мұнда масылдық көңіл-күйдің таралуына жол бермеу, қатаң радикалды көзқарастарға қарсы тұру, кінәлілерді іздеу және жағдайды ушықтыруға жол бермеу маңызды. Мемлекет басшысының пікірінше, қоғамдық санадағы мұндай құбылыстар біздің ұлтымызды идеологиялық және мәдени тұрғыдан әлсіретеді. Бұл шешім қазақ қоғамының дәстүрлі отбасы институтын, мәдениетін және жастардың санасын сыртқы ықпалдардан қорғауға бағытталған. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтып, жас ұрпақтың дұрыс тәрбие алуын қамтамасыз етуі керек, - деді Жаңбыршин.
Депутат «Ғылым қалашығы туралы» заң қабылдау мәселесін де атап өтті.
Ұлттық құрылтайда елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыру үшін “Ғылым қалашығы” туралы жаңа заң қабылданатыны айтылды. Көптен бері бұл мәселемен айналысып келеміз, қазір Парламент депутаттары болып заң жобасын жайындап жатырмыз. Қазіргі таңда «Алатау» инновациялық технологиялар паркі маңында және Курчатов қаласында ғылым қалашықтарын ұйымдастыруға мүмкіндіктер бар. Бұл бастама Қазақстанда ғылым мен инновацияны дамытуға серпін беріп, жас ғалымдар мен зерттеушілерге қолайлы жағдай жасауды көздейді. Ғылым қалашықтары – елдің ғылыми әлеуетін күшейтіп, жаңа технологияларды өндіріске енгізуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Алайда, Президент бұл жоспарлардың барлығы нақты есептеулерге және оларды іске асыру жөніндегі қажырлы жұмысқа негізделуі тиіс екенін ескертті. Бұл бастамалар – Қазақстанның ұлттық мүддесін қорғау мен елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдар екені даусыз, - деп жазды Мәжіліс депутаты.