Қазақстан ауыр атлетикасы құрамасының өкілі Едыге Емберді Эр-Риядта өтіп жатқан Ислам ынтымақтастығы ойындарында рывок сайысында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақ спортшысы 79 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, ең үздік талпынысында 152 келіні көтерді. Осы нәтижесі оған үшінші орынды қамтамасыз етіп, Қазақстан құрамасына жаңа медаль әкелді.
Бұл дисциплинаның жеңімпазы – Египеттен Абдельрахман Эльсайед, ол 166 келіні көтерсе, күміс жүлдені Әзербайжан спортшысы Равин Алмаммадов жеңіп алды, оның нәтижесі 155 келіні құрады.
Еске салайық, 7 қарашада Эр-Риядта VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының ашылу салтанаты өтті. Қазақстан құрамасын 100-ден астам спортшы білдіреді.
Айта кетейік, Сауд Арабиясы Ислам ынтымақтастығы ойындарын алтыншы рет өткізуде. Бұған дейін бұл ірі спорттық форум Меккеде (2005), Палембангте (2013), Бакуде (2017) және Коньяда (2021) ұйымдастырылған болатын.
Еске салсақ, Ислам ынтымақтастығы ойындарында 200 метр брасс бойынша жүзу сайысында Айбат Мырзамұратов финалға шықты.
Ал ауыр атлетика сайыстарында Дарья Балабаюк үздік бестікке енді. Сондай-ақ, Қазақстанның үстел теннисі құрамасы Ислам ынтымақтастығы ойындарының финалына шықты.