Шымкенттік студенттер EcoStudentKZ республикалық экологиялық челленджіне қатысып, Қошқар ата өзенінің жағалауында шашылған қоқысты жинады, деп хабарлайды Шымкент қаласындағы BAQ.KZ тілшісі.
Осылайша студенттердің EcoStudentKZ акциясы Шымкенттен басталды.
Шымкенттегі челленджді ұйымдастырудың басы-қасында жүрген ОҚМПУ Жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі Бекдаулет Тасболаттың айтуынша, кешегі акцияға Шымкенттегі 8 университеттен 150-ге жуық студент қатысыпты.
Челлендж Шымкенттен басталды. Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен студенттің өзін-өзі басқару ұйымдары аарсында тәжірибе алмасу конференциясы өткен еді. Сол конференцияда студенттер тарапынан осындай акцияларды өткізейік деген ұсыныс түсті. 8 университеттегі Студенттің өзін-өзі басқару төрағалары қолдады. Және бұл идеяны бөлісу үшін біз басқа өңірлерге де шықтық. Олар да қолдау білдірді. Сосын идея авторы Шымкент қаласы болған соң, Шымкенттен бастау алды, – дейді ол.
Оның айтуынша, студенттер челлендж аясында Әл-Фараби ауданы аумағындағы Қошқар ата жағалауына тазалық жүргіздік. Мұндағы мақсат – қала тазалығының маңыздылығын жұртшылыққа түсіндіру, барынша насихаттап, хабардар ету екен.
Челлендж идеясы конференция барысында пайда болды. Біз институт жанындағы жастар кеңесіне ұсындық. Мақсатымыз – ел арасында экологиялық сананы қалыптастыру. Қоқыс тастамауға, жинауға үйрету. Сенбілік өткізу мақсатымызға жатпайды. Мысалы, батыс жастары Каспий мен Жайықта болып жатқан жағдайға назар аударту үшін түрлі іс-шаралар өткізу мүмкін. Осылайша экологияны тазартып, жеріміздің ұзақ өмір сүруіне атсалысу, – деді Бекдаулет Тасболат.
Шымкенттік студенттер челленджі Павлодар жастарына жолдады. Челлендж одан әрі Екібастұз, Түркістан, Тараз, Петропавл, Алматы, Семей қалаларында жалғаспақ.