Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығындарын барынша азайтуға және кедендік әкімшілендіруді оңайлатуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді.
Бұл туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің ережелерін іске асыру мақсатында 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамамен аванстық төлемдерді кедендік әкелу, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне есепке алуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ үшінші елдерден тауарды импорттау барысында төленуге тиісті салықтар есебіне де осылай есепке жатқызылады. Аванстық төлемдер деген – нақты тауарларға қатысты кедендік төлемдер мен салықтардың нақты түрлері мен сомалары бөлігінде төлеуші сәйкестендірмеген алдағы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу есебіне енгізілген ақша, – деді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Хаттама одақ туралы шартқа (№5 қосымша және №8 қосымша) ішінара өзгерістер енгізуді көздейді:
аванстық төлемдерді кедендік әкелу, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеу есебіне есепке жатқызу мүмкіндігін белгілеу;
мүше мемлекеттің уәкілетті органының бірыңғай шоты бойынша осындай есепке жатқызу жүргізу кезеңін анықтау;
одақ туралы шарттың ережелерін Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінде пайдаланылатын терминологияға сәйкес келтіру.
Хаттаманы ратификациялау:
1) кедендік әкелу баждарын, арнайы, демпингке қарсы және өтемақы баждарын төлеу үшін бірнеше төлем тапсырмаларын пайдалану қажеттігіне байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың шығындарын барынша азайтуға;
2) кедендік әкелу баждары мен өзге де төлемдерді әкімшілендіруді оңайлатуға жол берді.
Өзгерістер 2021 жылдың 1 тамызынан бастап қолданысқа енген.