Қазақстан ЕАЭО аясында қандай сауда саясатын ұстанады және ұлттық мүдде қалай қорғалады? Сауда және интеграция министрлігінің сарапшылары BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берді. Сауда және интеграция министрлігі BAQ.KZ тілшісіне берген ресми жауабында әлеуметтік маңызы бар биржалық тауарлар саудасының тәртібін, ЕАЭО аясындағы сауда саясатын және ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау тетіктерін түсіндірді.
Қазақстан 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі. ЕАЭО туралы шартқа 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылып, құжат 2015 жылдың 1 қаңтарында күшіне енді. Бүгінде ЕАЭО құрамында 5 мемлекет бар. Олар: Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстан.
Еуразиялық экономикалық одақтың негізгі мақсаты – мүше мемлекеттердің экономикаларын өзара ықпалдастыра отырып, ортақ нарық қалыптастыру. Одақ шеңберінде тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету көзделген.
Сондай-ақ ЕАЭО аясында бірыңғай кедендік аумақ қалыптастырылып, сыртқы сауда және кедендік реттеу бойынша ортақ саясат жүргізіледі.
Қазақстан ЕАЭО аясында қандай сауда режимінде жұмыс істейді?
Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – ЕАЭО) мүшесі. Онда бірыңғай сыртқы сауда және кедендік реттеу, бірыңғай кедендік тарифтер қолданылады, нақты секторды Техникалық реттеу, бәсекелестік және субсидиялау саласында жалпы құқықтық өріс құрылады, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, көлікте, энергетикада және басқа да салаларда ынтымақтастық іске асырылады.
ЕАЭО елдері арасында кедендік бақылау қалай жүзеге асырылады?
Сонымен қатар елдер арасында Кедендік бақылау жойылды, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық, фитосанитариялық қадағалау салаларында мемлекеттік бақылау жүзеге асырылмайды.
Сертификаттар мен рұқсаттар қалай танылады?
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде берілген санитариялық, ветеринариялық, фитосанитариялық қауіпсіздік туралы сертификаттар өзара танылады. Бұл шарттар тауарлардың ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумақтары бойынша еркін қозғалуына мүмкіндік береді, әріптес елдердің нарықтарына қолжетімділікті қамтамасыз етеді, шекараларды кесіп өтуді жеңілдетеді, әкімшілік кедергілерді азайтады және ЕАЭО елдері арасындағы сауданың өсуіне ықпал етеді.
ЕАЭО үшінші елдермен қандай сауда келісімдерін жасады?
ЕАЭО шеңберінде бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүзеге асырылатынын ескере отырып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен бірлесіп үшінші елдермен сауда келісімдері жасалды. Осылайша, Вьетнам Социалистік Республикасымен (2015 жылғы 29 мамырдағы), Сербиямен (2019 жылғы 25 қазандағы), сондай-ақ Иран Ислам Республикасымен еркін сауда туралы келісімдер қолданылады.
2026 жылы қандай жаңа келісімдерге қол қойылды?
2026 жылы преференциялық сауда келісімдері желісін кеңейту жөніндегі жұмысты дамыту үшін БАӘ-мен экономикалық әріптестік туралы келісімге, Моңғолиямен уақытша сауда келісіміне, сондай-ақ Индонезия Республикасымен еркін сауда туралы келісімге қол қойылды.
Бұл келісімдер Қазақстанға қандай мүмкіндік береді?
Аталған келісімдерді іске асыру қазақстандық өнімнің шетелдік нарықтарға шығуы үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ әріптес елдермен тұрақты сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпал етеді.
Шешім қабылдауда ұлттық мүдде қалай ескеріледі?
Бұдан басқа, шешімдер қабылдау кезінде ұлттық мүдделерді есепке алудың тиімді тетіктері көзделген (консенсуспен шешімдер қабылдау, "вето"құқығын қолдану). Басқа мүше мемлекеттермен сауда даулары туындаған жағдайда мәселелер Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында қаралады және өзара қолайлы шешімдер қабылданады.
Қазақстан ішкі нарығын қалай қорғай алады?
ЕАЭО деңгейінде де, ұлттық деңгейде де Қазақстанның ішкі нарығы мен экономикалық мүдделерін қорғауға бағытталған тетіктер көзделген.
Қандай жағдайда шектеулер енгізілуі мүмкін?
Мәселен, ЕАЭО-ның шарттық-құқықтық базасында (29-бап) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің тауарлармен өзара саудада, оның ішінде мүше мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болған жағдайда шектеулерді қолдану құқығы көзделген. Мемлекеттік сатып алудың сезімтал секторларында отандық өндірушіні қорғау мақсатында белгілі бір салада ұлттық режимнен 2 жылға дейінгі мерзімге алып қою құқығы көзделген.
Ұлттық заңнама қандай жауап шараларын қарастырады?
ҚР Сауда қызметін реттеу туралы заңда Үкіметтің ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің немесе үшінші елдердің, егер олар қабылданған халықаралық міндеттемелерді орындамаса не қазақстандық тауарлар мен қызметтердің қолжетімділігін шектейтін шаралар қолданса, ішкі нарықта ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау жөнінде жауап шараларын қолдану құқығы бекітілген. Осылайша, Қазақстанның ЕАЭО-ға мүшелігі жағдайында ұлттық экономикалық мүдделерді тиімді қорғаудың барлық тетіктері құрылды.