Сенат Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі қабылдаған «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер өнеркәсіп салаларында бірлескен кооперациялық жобаларды іске асырған кезде қаржылай жәрдем көрсету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сенатор Әлібек Нәутиевтің айтуынша, қаралып отырған заң жаңа өндірістер құруға, өндірістік қуаттарды ұлғайтуға, өндірісті жаңғыртуға, өзара сауда мен инвестициялар көлемін ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, үшінші елдерге өнім экспортын ұлғайтуға бағытталған.
Қаржылық қолдау Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы институттары арқылы көзделетін болады, қаржы ұйымдарының тізбесін 2023 жылғы желтоқсанда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі айқындаған. Қазақстаннан тізбеге 15 қаржы ұйымы, оның ішінде 11 екінші деңгейдегі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің 4 еншілес компаниясы енгізілген, - деді ол.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі өнеркәсіптің әлеуетті бағыттарына талдау жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірлескен кооперация үшін мынадай перспективалық бағыттар айқындалды: химия, металлургия және машина жасау өнеркәсібі, олар бойынша бүгінгі күні жалпы сомасы шамамен 1,6 млрд долларға қажеттілігі бар екендігі айқындалды.
Бұл ретте, біз отандық өндірушілерге қатысты шектеу шараларын (санкцияларды) енгізу тәуекелдеріне жол бермеуді ескере отырып, өндірісті Қазақстан аумағында оқшаулауға мүдделіміз, - деп айтты Сенат депутаты.