ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперация жобалары қаржыландырылмақ

27 Наурыз 2024, 11:20
446
Бөлісу:
ЕАЭО аясында өнеркәсіптік кооперация жобалары қаржыландырылмақ
Фото: Арман Мухатов - архив

Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ЕАЭО шеңберінде өнеркәсіптік кооперация жобаларын қаржыландыру туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Отырыста министр 2023 жылғы 24 мамырда мүше мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) жайында шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасыен таныстырды.

Бұл хаттама ЕАЭО бюджет қаражатын пайдалана отырып, өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржыландыруға негіз болады.

Қаржыландырудың жаңа механизмі мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының қажеттіліктеріне жауап ретінде ЕАЭО аясында өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуға елеулі қолдау көрсетіп, кәсіпорындарға өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Пилоттық қаржылық көмек тетігінің мерзімі бес жылды құрайды, оны ұзарту мүмкіндігі де болады. Қаржыландыру арнайы, демпингке қарсы және өтемақылық баждар түсімінің 10%-ы есебінен қамтамасыз етіледі, - деп айтты Шарлапаев.

Министрдің сөзінше, бұл механизм ұлттық қаржы ұйымдары мен Еуразиялық даму банкіне ұлттық банктер белгілеген базалық мөлшерлеменің 100%-ы көлемінде, коммерциялық несиенің мөлшерлемесі базалық мөлшерлеменің 6,5%-ынан аспайтын субсидиялар беруді көздейді.

Жобаны іріктеу критерийлеріне кемінде үш мүше мемлекеттің кәсіпорындарының қатысуы және жобаны 5 жылдан аспайтын мерзімде іске асыру кіреді. Іріктеу мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтардың қатысуымен бірнеше кезеңде өтеді. Жобаны мақұлдау туралы шешімді Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі қабылдайды, - деп айтты ол.

Бұл механизм жұмыс орындарын құруға, қосымша құны бар өнеркәсіп өнімдерін өндіруге және үшінші елдерге өнім экспортын арттыруға мүмкіндік береді.

Өзгелердің жаңалығы