Елордада Орталық Азиядағы толық цикл бойынша парфюмерия өндіретін жалғыз фабрика жұмыс істейді. Оның өндірістік қуаты – жылына 5 млн флаконға дейін. Шамамен 90% өнім ТМД елдеріне және Таяу Шығысқа экспортталады.
BAQ.KZ тілшілері осыдан 5 жыл бұрын өндірісті бастаған, Астанадағы №1 Индустриялық паркінде орналасқан “Аромат” фабрикасында болып, жұмысымен танысып, қызметкерлерімен әңгімелесіп қайтты.
“Аромат” ресми өкілдігінің басшысы Александр Ким фабриканың жұмысын таныстырды.

Біздің фабрика – ерекше, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ. Біз парфюмерияның толық циклі бойынша өнім шығаратын жалғыз өндірушіміз. Кәсіпорынның қуаты жылына 5 миллион флаконды құрайды, 120 жұмыс орны ашылған. Былтыр біз үлгілі кәсіпорын мәртебесін алдық және мемлекет алдындағы барлық міндеттемені артығымен орындадық, – дейді фабрика өкілі.

Бүгінде фабрикада шамамен 300 түрлі аромат шығарылады: әйелдерге, ерлерге және әмбебап хош иістер.

Сонымен қатар балалар парфюмериясы, үйге арналған иістер, автопарфюм өндіріледі.
Биыл шиммер қосылған спрейлерді де шығара бастадық. Көктемде жаппай өндіріске екі жаңа желі қосылды: италиялық нишалық Vittorio және қазақстандық бірегей премиум желі The Spirit of Kazakhstan. Бұл желідегі флакондар елорда мен елдің символына айналған “Бәйтерек” бейнесінде жасалды, – деп айтты Александр Ким.
.jpg)
Барлығы Астанада, Қазақстанда өндіріледі.
Оның сөзінше, халықаралық көрмелерде көптеген ел осындай фабрика ашқысы келетіндерін айтатын көрінеді.
.jpg)
Біз аймақта алғашқы болып осындай фабриканы аштық. Өнімдеріміз сертификатталған, қауіпсіз және әлемдік деңгейде шығарылады. 90% экспортталады. Қазақстандық өндіріс сапасыз деген стереотипке бұзып, біз оны керісінше екенін дәлелдеп келеміз. Мысалы, Astana және Ulytau желілерінің хош иістерін әлемге танымал парфюмер Квентин Биш әзірледі. Ол – әйгілі хош иістердің авторы, – дейді Ким.
Фабрика 2020 жылы іске қосылды. Осы уақыт ішінде 450-ден астам аромат жасалған, олардың шамамен 300-і өндірісте. 2025 жылдың көктемінде жаңа “VITTORIO” және “The Spirit of Kazakhstan” желілері іске қосылды.

Францияның Грасс қаласында осы зауытқа тиесілі парфюмерлік ателье жұмыс істейді. Онда біздің техникалық тапсырмаларымызға сай жаңа формулалар әзірленеді.
Астанада ғылыми-зерттеу зертханасы бар, онда рецептуралар жинақталып, тексеріліп, өндіріске енгізіледі. Шикізат Еуропадан – Франция мен Швейцариядан сатып алынады, бұл ресми құжаттармен расталған.
.jpg)
The Spirit of Kazakhstan желісінде Astana, Ulytau, Almaty, Karaaltyn ароматтары бар. Әрқайсысы Қазақстанның болмысын бейнелейді. Алматыда – жаңа алма иісі, Астанада – астанаға тән рух пен жел, Ұлытауда – таудың салқындығы сезіледі.

Өнімдеріміз елордадағы дүкендер желісінде және отандық онлайн платформада қолжетімді бағамен сатылады. Фабриканың бастапқы идеясы – әлемдік деңгейдегі парфюмді қазақстандықтар үшін қолжетімді ету.
Балаларға арналған ароматтар бар болғаны 50 мл үшін 3 мың теңге тұрады. Олар қауіпсіз, сертификатталған әрі ата-аналар арасында танымал. Сондай-ақ біз желіні кеңейтуді, сусабындар, душқа арналған гельдер және басқа да косметикалық өнімдерді шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді Александр Ким.
.jpg)
Ал құрамында спиртке қатысты сұрақтарға келсек: өнімдеріміз барлық санитарлық нормаларға сай. Біз 100% майлы концентраттарды өндірмейміз, себебі олар күйік немесе аллергия тудыруы мүмкін. Сол себепті бүкіл әлемде тек қауіпсіз концентрациялар қолданылады.
Өнімдер 10-нан астам елге экспортталады: Ресей, Беларусь, Молдова, Қырғызстан, Кувейт және басқа мемлекеттер. Әсіресе араб елдерінде сапа жоғары бағаланып отыр.
JLo-ға арналған “Бәйтерек”
Фабрика өкілі голливудтық жұлдыз Дженнифер Лопес Қазақстанға турнемен келгенде “Бәйтерек” флаконындағы парфюмді сыйға бергісі келгенін айтты. Бірақ бұл ой жүзеге аспаған.

Біз әйгілі әнші Дженнифер Лопеске Қазақстанның символы ретінде “Бәйтерек” парфюмін сыйлағымыз келген еді. Біз оны ресми жолдар арқылы жасағымыз келді, бұл сыйлық жай ғана кәдесый емес, еліміздің достық пен құрметінің белгісі болуы тиіс еді. Өкінішке қарай, ресми түрде жүзеге асыру мүмкін болмады, бірақ бұл ой біз үшін әлі де маңызды болып қала береді, – дейді Александр Ким.
Баспасөз-туры кезінде зауыттың жұмысшыларымен де тілдесуге мүмкіндік туды. Олардың бірі – сапаны тексеру бөлімінде жұмыс істейтін лаборант Аружан.

Мен флаконның сапасын тексеремін. Алдымен құтыны вакуумге салып, оны 5 минутқа қалдырамын. Содан кейін шығарып, қолмен тексеріп шығамын. Егер құтыларда ақау болса, оны қайтадан лентаға апарып беремін. Мысалы, құтыда сынық болуы мүмкін. Яғни біз вакуум арқылы әр флаконның сапасын тексереміз, - дейді лаборант.
.jpg)
Оның осы фабрикада жұмыс істеп жүргеніне осымен 2 жыл. Ол жұмысқа алғаш келгенінде салада тәжірибесі болмаған. Осы жобаға келгеннен кейін фабрикада лаборант білімін алып, біліктілігін арттырған. Тіпті арнайы сертификат алған. Қазір осы жерде Аружан білікті мамандардың бірі.
.jpg)
Жұмыс кестесі таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жалғасады.
Биыл бір жағынан Жұмысшы мамандықтар жылы. Зауыттың қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Жалақы да уақытылы түсіп тұрады. Жұмысқа апарып-алып келеді, тамақпен қамтамасыз етеді, - дейді маман.

Еске сала кетейік, елордалық "Астананың иісін" Дженнифер Лопеске сыйламақ болғаны жайлы бұған дейін жаздық.
Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмысшы мамандықтарына деген құрметті арттыра түсуіміз керек екенін атап өткен болатын.