Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы жылдың 28 сәуірінде ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға сапары барысында белгілі актер Джеки Чанмен жүздесті. Кездесуге Қытай актерінің әріптестері мен шығармашылық ұжымы қатысты.
Бүгінде Қытай актерінің қолтаңбасы бар кітап Елбасы кітапханасының қорына келіп түсті. Алты бөлімнен құралған тартулық басылым Джеки Чанның өмірі мен өнер саласындағы жолынан сыр шертеді. Көзі тірісінде есімі аңызға айналған тұлғаның өмірлік көзқарастары мен ұстанымдарын, ұлттық мәдени мұра мен адами құндылықтарға адалдығын, еңбекқорлығы мен қарапайымдылығын, ерлігі мен бастан өткен оқиғаларын кітап бетіне актердің әріптес досы Чжу Мо түсірген.
«Адамдардың тағдырларын қосатын бұл өмір тосынсыйларға бай. Аталмыш кітаптың жазылып, басылымнан шығуы үш жылдай уақытты талап етті. Бұл уақыттың ішінде бақытқа да, сәтсіздікке де толы сәттерді бастан өткеріп үлгердім. Өткенге көз жүгіртсем, естеліктеріммен дәл қазір бөліскенім абзал сияқты. Әңгімелерім оқырмандарға қызық болады деген үміттемін. Олар кем дегенде нағыз болмысымды танып-түсінуге, қорытынды ой түртуге көмектесуі тиіс», - деп Джеки Чан кітап алғысөзінде пікірімен бөліседі.
«Мен бақыттымын» кітабы Джеки Чанның шынайы әрі ашық әңгімелеріне негізделген. Басылым беттерін парақтаған оқырман түсірілім алаңдарында болған қызықты жағдайларды оқып қана қоймай, актердың абыройлы тұлға ретінде қалай қалыптасқанын, қандай қиындықтардан өткенін біле алады. Қарапайым тілмен жазылған ол Джеки Чанның ата-анасына, жұбайы мен ұлына, әріптестері мен достарына деген қарым-қатынасын баяндап, актердің қуанышын, кейде өкініші мен мұңын келтіреді, кез келген адамның қателік келтіруге бейім екенін түсіндіріп, бақытты болудың «сырын» үйретеді.
2019 жылдың сәуір айында Бейжіңде Джеки Чан мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуі өтті. Әңгіме барысында қытай актері алдағы шығармашылық жоспары және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы ой бөліскен еді.