Қазақстанда қызылша ауруының қараша айынан бері айлық динамикада сырқаттанушылықтың өскені байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік дәрігер Сархат Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Сырқаттанушылықтың артуына медициналық ұйымдарда болған адамдар арасында тіркелген 208 қызылша жағдайы да әсер етті. Жыл басынан бері ел бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші – 100 мың тұрғынға шаққанда 16,4. Елдің 9 өңірінде сырқаттанушылық өсімі байқалады: Астана қаласында - 973 жағдай, Алматы қаласында – 519 жағдай тіркелген. Сондай-ақ вирус Жамбыл, Атырау, Ұлытау, Қарағанды, Алматы, Ақтөбе және Қостанай облыстарында өршіп тұр, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Айтуынша, ауру жағдайларының басым бөлігі 5 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелген. Оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалардан бастап, 2-4 жас аралығындағылар бар.
Сырқаттанушылықтың 78%-ы екпе алмағандар арасында тіркелген. Ауырған екпесіздердің 56%-ы вакцинадан бас тартқан, 14%-ында медициналық қарсы көрсетілім болған, 30%-ы екпе жасына жетпеген, - деді Сархат Бейсенова.
Министрлік эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында өңірлерде эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыруда.
Айта кетерлігі, 2025 жылғы қарашадан бастап сырқаттанушылықтың өсуіне байланысты 6-11 айлық балаларды қосымша иммундау жұмысы күшейтілген.
Еске салайық, Қазақстан халқы арасында қызылшаның одан әрі таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында бас мемлекеттік санитариялық дәрігер тиісті қаулы қабылдады.