ДСМ елдегі қолайсыз эпиджағдайға байланысты қаулы қабылдады

1 Қараша 2023, 20:23
817
Бөлісу:
ДСМ елдегі қолайсыз эпиджағдайға байланысты қаулы қабылдады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Қазір Қазақстан Республикасында қызылша бойынша қолайсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады, деп хабарлайды BAQ.KZ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2023 жылдың басынан бастап республика бойынша қызылшаның 11 057 жағдайы тіркелді, оның 83%-дан (9 233 жағдайдан) астамы 14 жасқа дейінгі балалардың үлесіне келеді.

70%-да (7 786 жағдайда) вакцинацияланбаған балалар ауырды. Оның ішінде вакцинациядан бас тарту себебінен – 4 575, медициналық қарсы көрсетілімдер – 1 431, егу жасына жетпеу – 1 687, өзге себептер – 93, 17%-да (1 832 жағдайда) егу мәртебесі белгісіз адамдар ауырды.

Қазақстан Республикасының халқы арасында қызылшамен сырқаттанушылықтың одан әрі таралуының алдын алу және елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 1 қарашадағы № 7 қаулысы шығарылды. 

Көрсетілген қаулыға сәйкес ағымдағы жылдың 6 қарашасынан бастап 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау (бұдан әрі – қызылшаға қарсы ҚЖИ) жүргізуді бастау жоспарлануда. Бұдан әрі қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы вакцинаның партиясы келіп түскеннен кейін қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық иммундауы жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне қызылшаға қарсы ҚЖИ жүргізу жоспарлануда, - делінген хабарламада.

Вакцинация егу егілетін адамнан немесе ата-анасынан (заңды өкілдерінен) егу жүргізуге хабардар етілген келісім алынғаннан кейін ғана жүргізілетінін атап өткен жөн.

Қаулымен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/documents/details/544907?lang=kk

Өзгелердің жаңалығы