Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 1 қаңтардан бастап тегін беріле бастаған дәрі-дәрмектің саны 450-ден 715-ке артты. Жаңадан шыққан бұйрыққа сәйкес, ауруларды емдеуге жаңа препараттар қосылды. Мәселен, онкологиялық ауруларға шалдыққан немесе гемофилиямен ауырғандарға жаңа дәрі-дәрмек берілетін болады.
Бұл туралы ҚР денсаулық сақтау министрлігі комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлім етті.
2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесі енгізіліп, азаматтарға көрсетілетін медициналық қызмет көрсету тізімі кеңеюде. Оның ішінде амбулаториялық деңгейде дәрі-дермекпен қамту да бар. Бүгінгі күні Денсаулық сақтау министрінің МӘМС аясында қамтамасыз етілетін дәрі-дәрмектің тізімі бар бұйрығы бекітілді. Тізім айтарлықтай кеңейтілді. Мысалы, бұған дейін 450 тегін дәрі-дәрмек атауы болса, ендігі уақытта оның саны 715-ке жетіп отыр. Әсіресе буллезді эпидермолиз секілді ауыр ауру түрлеріне арналған дәрілер, - деді комитет басшысы бүгін өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, министрдің шығарған бұйрығы үш бөліктен тұрады.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында тегін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жататын аурулар тізімінің кеңейтілгенін атап өттік. Бұған дейінгі бұйрықта дәрі-дәрмек берілетін аурулардың тізімі жасалған еді. Алайда бұл жолы ол ауруларды емдеуге жаңа препараттар қосылды. Мысалы, онкологиялық ауруларға шалдыққан немесе гемофилиямен ауырғандарға жаңа дәрі-дәрмек беріледі. Халықаралық клиникалық хаттамаларға сәйкес, бұл өзгерістер үздік көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашады, - деді Людмила Бюрабекова.
Айта кетейік, дәрі-дәрмектің жаңа түрлерінің көбі бірыңғай дистрибьютордың тізіміне енеді. Сондай-ақ, препараттардың барлығы пациенттер үшін қолжетімді. Оларды дәріханалардан алуға болады.
Сонымен қатар, бір данасы 1 млн теңге тұратын қымбат дәрілер МӘМС аясында тегін берілетіні мен тегін дәрі-дәрмек 18 жасқа дейінгі балаларға берілетіндігін айтқан едік.