Астана қаласында болған жедел жәрдем фельдшерінің қазасына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Сенат кулуарында журналистерге берген жауабында марқұм фельдшерге қатысты қылмыстық іс қозғалмағанын айтты.
Мәлімдеуінше, қайғылы оқиғаның мән-жайы ведомстволар арасындағы бірлескен тергеу аясында қарастырылып жатыр.
Тергеуді Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және еңбек инспекциясы жүргізуде. Олардың міндеті – болған оқиғаның барлық нақты жағдайын анықтау. Қандай да бір қорытынды жасау үшін алдымен осы тергеудің қорытындысын білуіміз қажет, – деді вице-министр.
Еске салайық, Астанада бірнеше адам ауыр жарақат алған оқыс оқиға болған еді. Тоғыз қабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш пен кондиционер ілгіші опырылып, төменге құлаған. Салдарынан бес адам жарақат алып, олардың екеуі медицина қызметкері болған. Жарақат алған фельдшер ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген болатын. 18 қарашада фельдшер алған жарақаттары салдарынан есін жимастан көз жұмды.