Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Досының атынан 2.5 миллион теңгеге несие алған павлодарлық анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласының полициясына жүгінген ер адам белгісіз біреу оның атына шамамен 2 500 000 теңге несие алғанын айтқан. Оларың көбі қолжетімді несиелік ұйымдардан алынған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған күдіктіні анықтады. Ол өзінің кінәсін мойындады. Несиені жасырын алып жүрген – жәбірленушінің ең жақын досы болып шықты, – деді ПД басшысы Нұрлан Мәсімов.
Былтыр күдікті досынан жалақы алу үшін банктік картаны өзінің атына ашып беруді сұраған. Досы сөзсіз көмектесуге келіскен. Біраз уақыттан кейін досы жеке деректерді біле отырып, банктік карточканың иесіне түрлі микрокредиттік ұйымдардан 14 несие алған. Ол алған ақшасын букмекерлік компанияға жұмсаған.
Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-баптың 2-бөлігі 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.