Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Достық – Мойынты: жаңа учаскемен 100-ден аса пойыз өтті

6 Қазан 2025, 21:50
458
Бөлісу:
 ҚТЖ баспасөз қызметі
Фото: ҚТЖ баспасөз қызметі

Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші теміржол жолдарымен пойыз қозғалысы 30 қыркүйекте ресми түрде іске қосылды. Бүгінгі таңда пойыздар қалыпты режимде қатынауда, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

6 қазан күнгі жағдай бойынша учаскемен 206 жүк пойызы өткізілді, оның ішінде 101 жүк пойызы жаңа екінші жолдармен жүріп өтті (әр бағытта тәулігіне орта есеппен 20 пойыздан).

Екінші жолдарды кезең-кезеңімен сынақтан өткізу – технологиялық үдерістің міндетті бөлігі болып табылады және ол тасымал көлемінің артуына қарай жүзеге асырылады.

Ағымдағы жылы пойыз қозғалысы төмендегі учаскелер бойынша кезең-кезеңімен іске қосылды:

  • Мойынты – Балқаш-1 — 29 қаңтардан бастап;
  • Бескөл – 19-разъезд — 13 наурыздан бастап;
  • Ақтоғай – Шығыс – Бескөл — 19 маусымнан бастап;
  • Балқаш-2 – Саяқ — 4 шілдеден бастап;
  • Саяқ – Ақтоғай — 30 қыркүйектен бастап.

Екінші жолдарды пайдалануға беру нәтижесінде 12,6 млн тонна жүк тасымалданды. Бұл көрсеткіш 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда жүк айналымының 42%-ға артуына мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта жолды тұрақтандыру жұмыстары нормативтік технологияға сәйкес жүргізілуде. Бұл процесс 100 мың тонна жүк өткізілгеннен кейін толық аяқталады. Осы кезеңде пойыз қозғалысы қауіпсіздік талаптарына сай белгіленген жылдамдықпен жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, учаскелерде жобалық құжаттама талаптары мен бекітілген кестеге сәйкес әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ учаскелердегі жағдайды объективті бағалау мақсатында барлық мүдделі бұқаралық ақпарат құралдарын Мойынты – Достық учаскесі бойынша баспасөз турына қатысуға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы