Бұл туралы Түркияның еліміздегі төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи елшілікте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өкінішке қарай, біз «ғасыр апаты» деп атайтын болған осы жер сілкінісі көптеген адамдардың өмірін қиды. Соңғы мәліметтерге сәйкес 43 мың азаматымыз қайтыс болды. Жалғыз жұбаныш – жүздеген адамның өмірін сақтап қалдық. Осы зілзалада қаза тапқан бауырларымыз – Қазақстан азаматтары да болды. Мен оларға Алланың рақымын тілеймін, барша Қазақстан халқына көңіл айтамын және шыдамдылық тілеймін, - деп атап өтті елші.
Айтуынша, жер сілкінісі болған кейбір аймақтарда іздеу-құтқару жұмыстары әлі де жалғасуда. Алайда үлкен аумақта қираған ғимараттарды жою, залалды анықтау және қалпына келтіру, жаңадан құрылыс жұмыстары басталды.
Түркияда жер сілкінісінің алғашқы сағаттарынан бастап барлық үкімет және мемлекеттік органдар жер сілкінісі аймағында болды. Біздің мемлекет өзінің барлық мүмкіндіктерін жұмылдырды. Түрік халқы да жұмылдырылып, көптеген көмек науқандарын бастады. Тек ел ішінде ғана емес, бүкіл әлемде жұмылдыру және көмек туралы ұсыныстар жасалды, іздестіру-құтқару топтары тағайындалды. Көптеген елдер заттай және қаржылай көмек көрсетті, 90 елден іздеу-құтқару топтары жіберілді. Бауырлас Қазақстан да жер сілкінісінің алғашқы сағаттарынан бастап бізбен бірге болды, қасымыздан табылды. Қазақстан кез келген көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Қазақстан Үкіметіне, халқына және барлық еріктілерге, бүкіл Түркия атынан тағы да алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан өзінің «қара» күндерде дос, бауырымыз екенін тағы да көрсетті, дәлелдеді, - деді Уфук Экиджи.
Елші Қазақстан халқының Түркияға деген сүйіспеншілігі мен елімізге деген өте жоғары бауырластық сезімдерін біз бұрыннан білеміз деп отыр.
Естеріңізде болар, Мағжан Жұмабай мен Алашорда біздің азаттық соғысымыз кезеңінде осы аймақтан – Атажұртымыздан бізді қолдаған еді. Түркия мен түрік халқы бұл қолдау мен тілектестікті ешқашан ұмытқан емес. Қазақстан екі жыл бұрын елімізде болған орман өрттері кезінде де қолдау көрсетті. Ал бүгін еліміз үшін қиын күнінде, ең үлкен апатта қасымыздан табылды, біз бауырларымыз көрсеткен бұл ынтымақтастықты, жанкештілікті әрине ұмыта алмаймыз, - деді ол.
Бұған дейін түрік елшісі зілзаладан соң жетім қалған балаларды шетелге асырап алуға бермейтіндерін жеткізген еді.