Олимпиада чемпионы Зульфия Чиншанло спорттан уақытша шеттетілді. Сонымен қатар ол сегіз жылға дисквалификациялануы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Sportarena.kz порталының мәліметінше, WADA допинг дауына екінші рет ілінген спортшыны барынша қатаң жазалайды.
Қазақстандық ауыр атлет Зульфия Чиншанло бір жылдан астам уақыт бойы республикалық және халықаралық додаларға қатыспай жүр. Бірнеше титулы бар чемпионның уақытша спорттық шаралардан шеттетілуінің өзіндік себебі де бар. Белгілі болғандай, спортшының жарыстан тыс кезеңде алынған міндетті допинг-бақылау сынамасынан тыйым салынған препарат іздері табылған көрінеді. Бұл анаболикалық стероид - "Метандиенон".
Бұл ретте Чиншанлоға қатысты ең қатал жаза - спорттан 8 жылға дисквалификациялау шарасы қолданылуы ықтимал. Себебі ол спорттық карьерасында екінші рет осындай дауға қалып отыр.
Жеті жыл бұрын алғашқы допинг Халықаралық олимпиада комитеті WADA көмегімен Чиншанлоның 2012 жылғы Лондон олимпиадасындағы анализдерін тексерген кезінде анықталған болатын. Сол кездері алтын жүлдеге ие болған ауыр атлеттің анализдерінен екі таблетканың іздері табылды. Ол "Оксандролон" және "Станозолол". Салдарынан Зульфия Олимпиада ойындарындағы алтынынан айырылды. Бұдан бөлек 2016 жылдың 10 маусымынан 2018 жылдың 10 маусымына дейін дисквалификацияланды.
Қазір Чиншанлоға қатысты қозғалған жаңа істің ақ-қарасы анықталып келеді. Себебі тергеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Еске салсақ, Зульфия Чиншанло 2021 жылғы Токиодағы олимпиадада 55 келі салмақта қола жүлде еншілеген еді.