АҚШ президенті Дональд Трамп Йемендегі хуситтерге қарсы «шешуші және қуатты» әскери операцияны бастау туралы бұйрық берді. Бұл туралы ол 15 наурыз, сенбі күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін мен АҚШ қарулы күштеріне Йемендегі террорист-хуситтерге қарсы шешуші және қуатты әскери операция бастауға бұйрық бердім. …Біздің батыл жауынгерлеріміз дәл қазір террористердің базаларына, олардың жетекшілеріне және зениттік қорғаныс жүйелеріне әуе соққыларын жасап жатыр. Бұл – АҚШ-тың теңіз, әуе және әскери активтерін қорғау және Қызыл теңіздегі кеме қатынасын қалпына келтіру үшін жасалып жатқан шаралар, – деп жазды Ақ үй басшысы.
Трамп хуситтерді «АҚШ пен басқа да елдердің кемелері мен ұшақтарына қарсы тоқтаусыз қарақшылық, зорлық-зомбылық және лаңкестік әрекеттер жүргізуде» деп айыптады. Ол бұрынғы президент Джо Байденнің әрекеттерін жеткіліксіз деп бағалап, осының салдарынан хуситтердің шабуылдарын жалғастырғанын атап өтті.
Трамптың айтуынша, әуе соққылары хуситтер кеме қатынасына шабуыл жасауды тоқтатқанша және аймақтағы қауіпсіздік толық қалпына келгенше жалғаса береді.
Сондай-ақ, ол Иранды хуситтерге қолдау көрсетуді тоқтатуға шақырып, АҚШ халқына және президентіне қауіп төндірмеуді ескертті.
Егер сіз мұны жасасаңыз, абай болыңыз, себебі Америка сізді толық жауапкершілікке тартады және біз бұған түсіністікпен қарамаймыз! – деп ескерту жасады Трамп.
Кейінірек хуситтерге тиесілі Al Masirah телеарнасы АҚШ-тың Йемен астанасы Сананы бомбалағанын хабарлады. Әуе соққыларының салдарынан тоғыз адам қаза тауып, тағы тоғыз адам жарақат алған.