Дональд Трамп пен Қытай басшысы Си Цзиньпин 30 қазанда Оңтүстік Кореяда өтетін Азия саммиті аясында кездесетінін растады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Екі ел басшыларының кездесуіне бірнеше апта дайындық жүргізілген, алайда АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің артуына байланысты ол біраз уақыт тоқтап тұрды. Бұл Трамптың қайтадан президенттік қызметке оралғаннан кейінгі Симен алғашқы жеке кездесуі болмақ.
Трамп Қытайдың сирек кездесетін металлдардың экспортына шектеу қойғанына жауап ретінде қараша айынан бастап Қытай тауарларына 100 пайыздық қосымша баж салығын енгізетінін ескерткен болатын. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролина Ливитт бұл кездесудің өтетінін бейсенбі күнгі брифингте ресми түрде мәлімдеді.
Кездесу 31 қазан мен 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласында өтетін Азиаттық-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастық (АТЭС) саммиті аясында ұйымдастырылмақ.
Мен Қытай төрағасы Симен кездесемін. Бізде біраз ұзаққа созылатын кездесу жоспарланған. Бірлесіп көптеген сұрақтарды талқылаймыз және зор мүмкіндіктерімізді қарастырамыз. Біздің қарым-қатынасымыз жақсы және бұл кездесу үлкен маңызға ие болмақ - деді Трамп.
Трамптың Оңтүстік Кореяға сапары барысында ол елдің президенті Ли Чжэ Мёнмен де кездеседі. Бұл сапар Трамптың Азияға жасайтын ауқымды сапарының бірі .
Ақ үйдің хабарлауынша, Трамп Малайзия, Оңтүстік Корея және Жапония басшыларымен, соның ішінде Жапонияның жаңа премьер-министрі Санаэ Такаитимен жеке кездесулер өткізеді.