Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Доллар, мұнай және инфляция: 2026 жылы теңге бағамын не күтіп тұр

Бүгiн, 07:30
194
Бөлісу:
 BAQ.KZ коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

2025 жылдың соңына қарай доллардың әлемдік нарықтағы позициясы айтарлықтай әлсіреді. Бұл үрдіс Қазақстанды да айналып өтпеді. Сарапшылар негізгі себептердің бірі – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендету бағытына бет бұруын атады. Осы фактордың әсерінен теңге бағамы да белгілі бір дәлізде қалыптасуы мүмкін. BAQ.KZ тілшісі саралап көрді.

Теңгеге қысым екі жақтан келуі мүмкін

"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист, қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, жылдың алғашқы төрт айында доллар бағамы 500–530 теңге аралығында сақталуы ықтимал. Оның пікірінше, доллардың 500 теңгеден айтарлықтай төмен түсуі екіталай, ең төменгі шек ретінде 495 теңге деңгейі ғана қысқа уақытқа байқалуы мүмкін. Сонымен қатар сарапшы қарапайым азаматтарға бағам айырмасынан пайда табу үшін арнайы білімі жоқ күйде валюта сатып алуға асықпауды ескертеді.

Қаржыгер теңгеге әсер ететін жағдайды "екі қозғалтқышы бар қайыққа" теңеді. 

Бірінші қозғалтқыш – АҚШ-тағы ақша-несие саясаты. Әлемдік аналитиктердің болжамына сәйкес, 2026 жыл бойы ФРЖ мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді. Бұл доллардың өзге валюталарға қатысты әлсіреуіне алып келеді. Екінші қозғалтқыш – ішкі факторлар. Атап айтқанда, сәуір айында коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне қойылған мораторийдің алынуы күтіліп отыр. Бұл шешім инфляцияның жеделдеуіне әсер етіп, теңгеге қосымша қысым түсіруі мүмкін. Мұнай бағасына қатысты болжамдар да теңге үшін маңызды, - деп атап өтті экономист . 

Қазіргі кезде кейбір пікірлерде мұнай баррелінің бағасы 55 долларға дейін түсуі мүмкін екені айтылды.

Алайда Расул Рысмамбетов мұндай сценарийге аса сенбейді және баға 60–65 доллар деңгейінде болады деп есептейді. Оның айтуынша, пандемия сияқты төтенше жағдайлар болмаса, мұнай бағасы 60 доллардан төмен сирек түседі.

Сонымен бірге 2026 жылы Үкімет тарапынан инфрақұрылымға, коммуналдық нысандарға және жылу электр орталықтарына қомақты шығындар жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде инфляцияны жеделдетіп, оның деңгейін 9–10 пайыздан 12–13 пайызға дейін жеткізуі мүмкін, - деді экономист.

Сарапшы жылдың басында базалық мөлшерлеме қазіргі жоғары деңгейде, шамамен 18 пайыз көлемінде сақталады деп күтеді. Ал салық реформасына келсек, қаржыгер оның теңгеге айтарлықтай әсері болмайды деген пікірде. Себебі негізгі соққылар 2025 жылдың соңында-ақ сезілді, ал бизнес сол кезеңде бағаны көтеріп үлгерді.

Аналитикалық ұйымдардың болжамы қандай?

Аналитикалық ұйымдардың болжамдары да теңгенің әлсіреу қаупін жоққа шығармайды. Еуразиялық даму банкінің бағалауынша, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 535 теңге деңгейінде қалыптасады. Ал жылдың соңына қарай 544 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл үрдіске мұнай бағасының соңғы үш жылдағы орташа деңгейден төмен болуы және Ұлттық қордан бөлінетін валюталық трансферттердің қысқаруы әсер етеді. Дегенмен теңгені квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаның сатылуы, теңгедегі активтердің тартымды кірістілігі және шикізаттық емес экспорттың өсуі белгілі бір деңгейде қолдап тұрады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы 2026 жылы доллар бағамы 553,6 теңгеге дейін өсуі мүмкін деп болжап отыр. Қауымдастық теңгеге қысым түсіретін негізгі факторлар ретінде экспорттық түсімдердің азаюын, ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға байланысты импорттың өсуін, сондай-ақ Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің 5,3 трлн теңгеден 2,8 трлн теңгеге дейін қысқаруын атап өтеді.

Ал Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының есебінде 2026 жылы орташа жылдық айырбас бағамы 551,36 теңге деңгейінде қалыптасады деген болжам бар. Бұл мұнай бағасының төмендеуі және шикізат экспорттаушы елдер валюталарына көрсетілетін сыртқы қолдаудың әлсіреуіне қатысты күтулермен байланысты.

Теңге үшін базалық мөлшерлеме – шешуші фактор

Экономист Айбар Олжайдың пайымдауынша, Қазақстан биылғы жылды шамамен 525 теңге деңгейіндегі бағаммен бастаған. 

Бұл көрсеткіштер елдің сауда балансы алдағы жылы да оң аймақта қалатынын аңғартады. Яғни экспорт көлемі импорттан жоғары болуға тиіс. Осындай жағдайда теңгенің тағдырына ықпал ететін негізгі тетік ретінде базалық мөлшерлеменің рөлі ерекше болатыны сөзсіз.

Егер алдағы жылы инфляция биылғы деңгейде жоғары болып қала береді деп болжасақ, онда Ұлттық банктің 2026 жылы базалық мөлшерлемені 19 пайызға дейін көтеруі әбден мүмкін. Ал АҚШ-та Федералдық резерв жүйесінің мөлшерлемесі 3,5–3,75 пайыз дәлізіне төмендегенін ескерсек, теңгедегі табыстылық айырмасы сақталып қалады. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлардың теңгемен номинацияланған қаржы құралдарына деген қызығушылығын төмендетпей, керісінше, жалғастыруына ықпал етеді. Мұндай жағдайда доллар арзандап, теңге нығаюы ықтимал,  - деді экономист.  

Қорыта айтқанда, 2026 жылы теңге бағамы бірнеше фактордың ықпалымен қалыптасады. Доллар динамикасы, мұнай бағасы, инфляция деңгейі және базалық мөлшерлеме саясаты негізгі рөл атқарады. Сарапшылардың басым бөлігі валюта нарығында күрт өзгерістерден гөрі, шектеулі дәліздегі құбылмалылық сақталады деген пікірде. Бұл ретте теңгенің бағыты нарықтық жағдаймен қатар, мемлекеттік қаржы саясатына да тікелей байланысты.

Өзгелердің жаңалығы