"Доллар бағамы 542 теңге?": Экономистер 2026 жылға болжам жасады  

Сарапшылар бірқатар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша болжамдарын ұсынды.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 12:22
Бүгiн 2026, 12:22
238
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының талдау орталығы 2026 жылғы наурыз айына қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушылары арасында жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Зерттеуге банктердің, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ аналитикалық және қазынашылық бөлімдердің мамандары қатысқан. Сарапшылар бірқатар негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша болжамдарын ұсынды. Атап айтқанда, Brent маркалы мұнай бағасы, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы бағамы, инфляция деңгейі, жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсімі және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесіне қатысты күтулер талданды.

Сауалнама нәтижесіне сәйкес, ақпан айында айлық инфляцияның жеделдеуі (қаңтардағы 1,0%-дан 1,1%-ға дейін) базалық мөлшерлеме бойынша нарық қатысушыларының болжамдарын екіге бөлген. Сарапшылардың басым бөлігі (82%) 6 наурызда өтетін Ұлттық банк отырысында базалық мөлшерлеме қазіргі 18,0% деңгейінде сақталады деп күтеді. Қалған респонденттер мөлшерлеме көтерілуі мүмкін деген пікір білдірген.

Сонымен бірге инфляциялық қысымның күшеюі реттеушінің риторикасы қатаңдауы ықтимал екенін көрсетеді. Осыған байланысты сарапшылар бір жылдық көкжиектегі базалық мөлшерлеме болжамын 16,25%-дан 16,75%-ға дейін қайта қараған.

Сауалнама нәтижесінде бір жылдан кейін инфляция екі таңбалы деңгейде – 11,4% болады деген болжам айтылды. Бұл орта мерзімді кезеңде қатаң ақша-несие саясатын сақтау қажеттігін көрсетеді.

Сарапшылардың бағалауынша, бір жыл ішінде экономикадағы нақты пайыздық мөлшерлеме қазіргі 6,3%-дан 5,35%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұл жағдай ақша-несие тетігі арқылы ұлттық валютаны қолдау әсерін біршама әлсіретуі ықтимал.

Ұлттық валюта бағамына қатысты күтулер жетінші ай қатарынан жақсарып келеді. Бұған жүйедегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер, олардың ұзақ уақыт сақталуы мүмкін деген болжам, Ұлттық банк пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валютаны тұрақты түрде конвертациялауы, шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына қаражат салуы және тауар-шикізат нарығындағы бағаның өсуі әсер етіп отыр.

Сарапшылардың болжамынша, бір айдан кейін USD/KZT бағамы 508,2 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін (бұған дейін 509,6 теңге). Ал бір жылдық көкжиекте орташа бағам 542,1 теңге болады деп күтіледі (бұған дейін 544,7 теңге).

Сонымен қатар қатаң қаржылық шарттардың сақталуы, макропруденциялық реттеудің күшеюі және бюджеттік ынталандырудың біртіндеп қысқаруы экономикалық белсенділікке тежеуші әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты сарапшылар бір жылдан кейін Қазақстан экономикасының өсімі 4,8% деңгейінде болады деп болжайды. Ақпанда бұл көрсеткіш 5,0% деңгейінде бағаланған.

Ал Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы бойынша болжам жоғары қарай қайта қаралды. Сарапшылардың пікірінше, бір жылдан кейін мұнай бағасы барреліне 71,5 доллар болуы мүмкін (бұған дейін 61,8 доллар). Бұл Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстың ушығуына байланысты мұнай жеткізілімінде үзіліс болуы мүмкін деген қауіппен байланысты.

Сарапшылардың айтуынша, бұл фактор ОПЕК+ елдері тарапынан ұсыныстың артуы туралы болжамдардан басым түсіп отыр.Боксшы Данияр Елеусіновтің әйеліне айып тағылды

Наверх