Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аударым операцияларын жүргізетін Американың Visa трансұлттық компаниясы мен Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті қазақстандық жүзгіш Дмитрий Баландиннің "Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы олимпиада ойындарында" ғаламдық бағдарламасына қатысу үшін келісімшартқа қол қойғанын хабарлады.
"Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы олимпиада ойындарында" бағдарламасының қатысушылары ұлты мен шығу тегіне қарамастан, олимпиада және паралимпиада ойындарында көрсеткен жоғары нәтижесіне қарап таңдалмақ. Дмитрий Баландин – 2016 жылғы Рио олимпиадасында 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алтын медаль иеленген қазақстандық жүзуші.
Бұдан басқа, Баландин 2014 жылы өткен жазғы Азия ойындарында 50, 100 және 200 метрге жүзуден чемпион атанған. Қазіргі таңда спортшы 100 және 200 метрге жүзуден Қазақстан Республикасы рекордының иегері саналады.
Visa командасының қатарынан көріну мен үшін үлкен мәртебе. Олимпиадалық құндылықтарды Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем бойынша насихаттау үшін мені таңдап, "Visa командасы 2020 жылғы Токиодағы Олимпиада ойындарында" бағдарламасына қосқаны үшін алғысым шексіз. Сонымен қатар маған үлкен қолдау білдірген Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетіне зор алғыс. Халықаралық олимпиада комитетінің үздік серіктесімен жұмыс істеу мүмкіндігін бағалай отырып, олимпиадалық қозғалыстың дамуына үлкен үлес қосамыз деп сенемін, - деді Дмитрий Баландин.
Айта кетелік, Visa Дмитрий Баландиннің есімі жазылған карточканы айналымға шығарды. Visa 30 жылдан бері олимпиада ойындарының ғаламдық серіктесі саналады. Сондай-ақ, Паралимпиада ойындарына 2003 жылдан бері серіктес атанған.