Директорды мектепте күрделі жөндеу жүргізбегені үшін жауапқа тартуға қарсымын – Аймағамбетов

5 Сәуір 2022, 13:34
10681
Бөлісу:
Директорды мектепте күрделі жөндеу жүргізбегені үшін жауапқа тартуға қарсымын – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов директорларға мектепте күрделі жөндеу жұмыс жүргізілмегені үшін жауапқа тартуға болмайтынын айтты.

Аппарат жиналысында білім беру ұйымдары қызметінің көшпелі мониторингі шеңберінде ЖАО атқарған жұмысы туралы баяндалды. Осының негізінде министр бірқатар кемшілікті атап, әріптестеріне тапсырма берді.

Біздің басты мақсатымыз – жауапкершілікке тарту емес. Басты мақсатымыз – анықталған кемшіліктерді жою, оның алдын алу. Осы ретте бірінші басшылардың рөлі ерекше. Мысалы, егер мектепте күрделі жөндеу жүргізілмесе, онда біз басшыларға (директор – ред.) ешқандай айып таға алмаймыз. Себебі оған қаражат бөлу мәселесі директорға тиесілі емес. Сондықтан осындай мәселе бойынша директорды жауапкершілікке тартуға қарсымын, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Сөзінше, егер директордың құзыретіне кіретін мәселе болса, мысалы, мектептің тазалығы, қауіпсіздік мәселесіне директор тікелей жауапты. 

Директор осы мәселеге ие бола алмаса, онда оны жауапкершілікке тартуымыз керек. Ол - балалардың денсаулығы, қауіпсіздігі, оларға жасалған жағдай. Сондықтан екі мәселені ажыратуымыз қажет. Егер оған мектеп басшысы тікелей әсер ете алмаса және құзыреті болмай, бюджетке қатысты мәселе болса, онда ол – басқа жағдай. Ал директордың құзыретінде болып, оны атқармаса, онда әрине жауапкершілікке тартуымыз керек, - деп түсіндірді бас ұстаз аппарат жиналысында.

Министр барлық облыс бойынша жұмысты жүргізу керегін тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы