"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ диқандарға тікелей астық сатып алу бағдарламасы бойынша 3,4 млрд теңге төледі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Фермерлік шаруашылықтар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ-ның элеваторларына тікелей сатып алу бағдарламасы аясында жоспарланған жеткізілімдердің үштен біріне сәйкес 52 мың тонна астық жеткізді. 2024 жылғы 25 желтоқсандағы жағдай бойынша мемлекеттік оператор өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің есепшоттарына 3,4 млрд теңге аударды.
Бағдарлама шарттарына сәйкес, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ фермерлік шаруашылықтардан үшінші, төртінші және бесінші сыныптағы бидайды, сондай-ақ екінші сыныптағы арпаны қабылдайды. Жеткізілген астықтың жалпы көлемінде ең үлкен үлесті 23% және 25% клейковинасы бар үшінші сыныптағы бидай алады.
Қазақстан өңірлерінде астық жеткізушілердің арасында дәстүрлі түрде Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары көш бастап тұр. Бұл өңірлердің фермерлері элеваторларға сәйкесінше 20,9 мың тонна, 18,4 мың тонна және 12,5 мың тонна астық жөнелтті.
"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ басқарма төрағасы Асылхан Жувашевтың айтуынша, өтінімдерді қабылдау кезінде шағын агрокәсіпорындарға басымдық беріледі.
Өнімнің артық мөлшерін сатып алу шағын және орта шаруашылықтарға ауыл шаруашылығы өндірісінің табыстылығын сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ мемлекеттік оператор ретінде нарықтағы бағаларды реттеп, астыққа әділ баға белгілейді, - деп түсіндірді Асылхан Жувашев.
Барлығы 440 ауыл шаруашылығы кәсіпорны астық сату туралы өтінім берді, оның ішінде 347-сі – шағын шаруа және фермерлік шаруашылықтар, ал 93-і – орта бизнес (ЖШС).
Қазіргі уақытта агроқұрылымдар "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ тағы 98,2 мың тонна бидайды 6,9 млрд теңгеге жеткізуге дайын. Қабылданған астық үшін төлем қаражат бөлінгеннен кейін бірден жүзеге асырылады. Тікелей астық сатып алу бағдарламасына қатысу үшін фермерлерге 2024 жылғы "Барлық жерлерден ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау туралы" анықтама және мемлекеттік уәкілетті органмен расталған тиісті есепті ұсыну қажет.
Астық сату бойынша өтінімдерді "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ өңірлік өкілдіктері қабылдайды. Нарықтан астық сатып алуға 13 млрд теңге бөлінеді, бұл ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 200 мың тонна астық сатып алуды қамтамасыз етеді.
Анықтама үшін байланыс ақпараты:
Астана қаласы: Мәскеу көшесі, 29/3, Тел.: (8-717-2) 59-12-32 (ішкі 2484, 2025), 59-12-39 (ішкі 2375), 59-12-61 (ішкі 2261), 55-11-60 (ішкі 2476).
Ақмола облысы: Көкшетау қ., Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 19, Тел.: (8-716-2) 55-11-51, 55-11-54, 42-25-22.
Шығыс Қазақстан облысы: Өскемен қ., Бейбітшілік көшесі, 30, 206-кеңсе, Тел.: (8-723-2) 25-95-67, 56-06-57.
Қостанай облысы: Қостанай қ., Тәуелсіздік көшесі, 147, Тел.: (8-714-2) 53-11-44, 53-12-44, 54-28-20.
Солтүстік Қазақстан облысы: Петропавл қ., Партизанская көшесі, 160, Тел.: (8-715-2) 55-11-60, 42-22-66.