Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мутәлі Премьер-Министр Олжас Бектенов атына жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерге қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Депутат өз өтінішінде жаңа Конституция аясында адам капиталына басымдық берілгенін атап өтіп, бұл білім сапасына ерекше назар аударуды талап ететінін жеткізді. Алайда соңғы жылдары кейбір жекеменшік жоғары оқу орындары мен колледждерде студенттердің оқу процесіне қатысуы формалды сипатқа ие болып отырғаны айтылды.
Кейбір жекеменшік университеттерде, колледждерде студенттерді ресми тіркейді, бірақ әрі қарай студент оқу үдерісіне қатысып жатыр ма, оқу бағдарламасын меңгеріп жатыр ма – бұл жағынан білім беру мекемесі салғырттық танытуда. Яғни студенттер оқуға қабылданғандар тізімінде болғанымен, іс жүзінде сабақтарға қатыспайды немесе бағдарламаларды аяқтамайды, бірақ дипломдарын маман болып шықты деп кедергісіз алып жатыр. Болашақта мұндай қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар жетістікке жете қояды деп сену қиын. Керісінше өмірін жеңілдетемін деп кейін жұмыссыздық нарығын толтырып, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының көмегіне тәуелді болып қала ма деген күдік бар, - дейді ол.
Депутат дерегінше, соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасының тоқтатылуы саладағы жүйелі проблемалардың бар екенін көрсетеді. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев та білім беру жүйесінде шешімін таппаған мәселелер бар екенін атап өткен.
Осыған байланысты депутат білім сапасын бақылаудың дәстүрлі тәсілдері тиімсіз екенін айтып, цифрлық технологияларды кеңінен енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, аралық және қорытынды емтихандарды прокторинг, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіру және жасанды интеллект негізіндегі жүйелер арқылы өткізу қажеттігін көтерді.
Сауалда Үкіметке жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына өзгерістер енгізіп, «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» іске қосуды, сондай-ақ оқу процесін цифрлық бақылауға көшіру бойынша нақты мерзімдер мен көрсеткіштерден тұратын жол картасын әзірлеу ұсынылды.
Депутаттың пікірінше, мұндай шаралар білім беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және кадр даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.