Дипломат Шәмішев: Нағыз дипломат болу өмір бойы оқуды талап етеді

2 Шілде 2021, 18:31
3982
Бөлісу:
Дипломат Шәмішев: Нағыз дипломат болу өмір бойы оқуды талап етеді
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 2 шілде – Дипломатиялық қызмет күні. Сыртқы саясатты жүргізіп, бейбіт өмірді қалыптастыруда осы мамандық иелерінің еңбегі ұшан-теңіз. Атаулы күнге орай дипломатия саласының ардагері, Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің директоры Ерлан Шәмішевпен сұхбаттасқан едік.

- Ерлан Дәуренұлы, әңгімемізді қызықты да күрделі дипломатия саласына қалай келгеніңізден бастасақ.
- Жалпы дипломатия саласында еңбек етіп жүргеніме 24 жыл болды. Мектепте оқып жүргеннен осы салаға қатты қызығатынмын. Еліме қызмет етемін деп алдыма мақсат қойдым. Осылайша, мектеп бітірген соң арман қуып Мәскеудегі Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтына оқуға түстім. Қолыма дипломымды алғаннан кейін дипломатиялық қызметке тұрамын деп өз-өзіме сөз беріп, жұмысқа орналастым. Алматыда Қазақстанның Мәскеудегі Елшілігінің мінездемесімен дипломатиялық қызметке тұрдым. 1997 жылдан бері ширек ғасырға жуық уақыт ішінде ҚР Сыртқы істер министрлігінің құрылымында еңбек етудемін. Дипломаттар дәрігерлер секілді өмір бойы оқиды. Себебі дипломат уақыттың көшінен қалыс қалмай, күнделікті әлемде орын алып жатқан жаңалық, өзгерістердің барлығынан хабардар болып отыруы тиіс. Заман талабы сол. Қазіргі таңда Мәскеудегі Дипломатия академиясында оқып жатырмын. Саясаттану және саяси философия мамандығын меңгеру үстіндемін.
- Қай елдерде тұрып, қызмет еттіңіз?
- 2004 жылы Оңтүстік Корея елінде дипломатиялық өкілдікке жұмыс істеуге жіберілдім, сол жақта 4,5 жыл тұрдым. Бұл қызметтік мәнсабымдағы әзірге ең ұзақ тұрған мемлекет. Одан кейін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Ұлттық үйлестірушісінің кеңсесінде жауапты хатшы болып жұмыс істедім. Қытаймен шекарадағы сенімге қатысты іс-шаралар, әскери инспекциялық қызмет проблемалары маған жүктелді. Одан соң 2008 жылы Польшадағы дипломатиялық өкілдікте ЕҚЫҰ жұмысымен айналыстым. Варшавада тұрған жылдар маған өте үлкен жауапкершілік жүктелген кезең болды. Кейін елге қайта оралып, ҚР Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік кеңесінің Сараптама бөлімінде талдау қызметінде 6 жыл жұмыс атқардым. 2015-2017 жылдары Мәскеудегі Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшілігінде дипломат болдым. Былтырғы жылдан бері еліміздегі сыртқы істер жүйесінің жұмысын қолға алдым. Біздің департамент еліміздің басшылығы мен жоғарғы саяси органдардың қызметіне ақпараттық-сараптамалық талдаулар жасайды. Әлемдегі және еліміздегі халықаралық жағдайға мониторинг жүргізумен айналысады. Сыртқы саяси қызметтерді жоспарлау, консультациялар жүргізіп, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға атсалысамыз.
 - Қанша тіл меңгергенсіз?
- Ана тілім – қазақ тілінде өзіңіз көріп отырғандай еркін сөйлеймін. Одан бөлек, орыс тілінен басқа, ағылшын, корей, поляк тілдерін меңгергенмін.

Дипломат Шәмішев: Нағыз дипломат болу өмір бойы оқуды талап етеді
- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымында қызмет еттім дедіңіз. Қытайдың соңғы кездері еліміздегі жалпы әлемдегі экономикалық ықпалы күшейді. Экономикалық ықпалдың күшеюі қорқынышты жағдай емес пе?
- Қытаймен көрші орналасқан елміз, сондықтан географиядан ешқайда қаша алмаймыз. Қытай қаншама ғасырдан бері өркениеті дамыған үлкен держава. Экономикасы да мықты. Оны әлемді індет жайлаған пандемия кезінде де экономикасының қарқындап дамып жатқанынан-ақ байқауға болады. Біз олардың деңгейіне жету үшін ұлттық өнімдерімізді халықаралық деңгейге шығарып, алға қадам басуымыз керек. Одан соң, отандық туризмімізді дамытуды қолға алуымыз керек. Күндердің күнінде мұнайымыз, пайдалы қазбаларымыз таусылса, бізді асырайтын сол туризм болмақ. Жан аямай еңбек етсек, біз де экономикасы мықты елге айнала аламыз. Олардың экономикалық ықпалының күшеюінен ешқандай қорқыныш жоқ. «Қара қытайды қаптады» деген секілді стереотиптен арылуымыз керек.
- «Бір жол, бір белдеу» жобасына қатысыпсыз...
- Иә, жаһанданудың жаңа үлгісі болып табылатын ауқымды да маңызды жобаға мен де қатыстым. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі «Бір белдеу, бір жол» жобасы туралы «Әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама» деп айтқан болатын. Баршаға белгілі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлісіз салу арқылы біз де жобаға үлесімізді қосып отырмыз. Ресейді Қазақстан арқылы Қазақстанмен жалғастырған 3000 шақырымдай жол салынды.
- Ал Қазақстанның Таяу Шығыстағы ұстанымына тоқталсақ...
- Таяу Шығыс елдерінің мәселесі – бұл өте өзекті де солқылдап тұрған жарасы бар тақырып. Қазақстанның ұстанып отырған ұстанымы – әр уақытта бейбіт келіссөздер жасау. Сирия қақтығысына қатыстыс келіссөздер жүргізуге атсалыстық. Осы жақында, 7-8 шілде күндері елордамызда Астана процесінің кезекті кездесуі өтеді. Оған Түркия, Сирия, Ресей елдерінен, сондай-ақ, БҰҰ өкілдер келіп қатысады. Таяу Шығыс дағдарысына қатысты біздің мемлекетіміздің ұстанымы анық әрі өзгеріссіз, ол – түбегейлі және әділетті бейбітшілік орнату.
- Қазақстанның дипломатия саласындағы беделіне қандай баға берер едіңіз?
- Қазақстанның дипломатиядағы беделі өте жоғары. Мұны біз шетелге әр шыққан іссапарымызда көзбен көріп жүрміз.
- «Дипломаттар сөйлегенде зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз бар. Дипломат болу үшін адамның бойында қандай қасиет болу керек деп ойлайсыз?
- Дипломат болу үшін ең бірінші табандылық, сабырлық, жан-жақтылық пен еңбекқорлық сынды қасиеттер қажет. Жауапкершіліктің мол болуы да маңызды. Дипломат болу әмбебаптылықты талап етеді. Мәселен, экономика, саясат, әлеумет, кино, әдебиет, жалпы барлық тақырыптан хабары бар, кез келген тақырыпта еркін сөйлей алатын, сараптама, талдау жасай білетін қабілет болуы тиіс. Адамның бойындағы парасат, дүниетанымның кеңдігі, ой-өрісінің биіктігі де үлкен мәнге ие. «Елдестіру елшіден» деген сөз бар. Себебі шетелге шыққанда дипломатқа қарап, әлем сенің мемлекетіңді таниды. Осы мәртебелі міндетті лайықты орындай алатын тұлға болу табандылықты қажет етеді. Күн-түн демей тынбай ізденіп, өмір бойы оқудан, білуден жалықпайтын жан – нағыз дипломат бола алады.
- Мерекеңіз құтты болсын! Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы