Перизат Кайрат құрбысы куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айыптау тарабы сотта Перизат Кайраттың телефонынан алынған 2023 жылғы 18 мамырдағы хат алмасуды ұсынды. Онда айыпталушы Қазақстан дипломын заңсыз жолмен рәсімдеуге қызығушылық білдіргені жазылған.
Диплом "жасатып" алуға көмектесетін таныстарың бар ма? – деп оқыды прокурор хабарламаны.
Куәгер Толғанай Боранқұлова Перизат Кайраттың бұл хатты өзіне жолдағанын растады.
Ол кезде мен декретте болдым. Перизат министрдің көмекшісі болып жұмысқа орналасқысы келіп, диплом керек екенін айтты. Мен оны сырттай оқуға түсу немесе жай ғана дипломды рәсімдету ниеті деп қабылдадым, – деді куәгер.
Боранқұлова олардың қарым-қатынасы достық әрі сенімді болғанын айтып, Перизат Кайраттың өзіне жұмыс ұсынғанын да жеткізді.
Бұған дейін Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты өтіп жатқан сот процесінде тосын жағдай болды.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.
Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.