Қазақстанда жасанды интеллектіні қолдану арқылы жасалатын қылмыстарға қарсы күресуге қолданыстағы заңнама жеткілікті. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, жасанды интеллект — қылмыстың жеке санаты емес, тек қылмыскерлер пайдаланатын құрал ғана. Сондықтан қолданыстағы Қылмыстық кодекс нормалары мұндай әрекеттер үшін жауапкершілікке тартуға толық мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект – алаяқтық схемаларды құрастыруға мүмкіндік беретін күрделі әрі тиімді технология. Бірақ бұл – тек құрал. Қылмыс бәрібір қылмыс болып қала береді, ол қандай технология арқылы жасалғанына қарамастан, – дейді депутат.
Смышляева заңнамада қажетті баптар бар екенін, оның ішінде ақпараттық технологияларды қолдану жауапкершілікті ауырлататын мән-жай ретінде қарастырылатынын атап өтті. Алайда қазіргі басты мәселе жаңа нормалардың жоқтығында емес, оларды іс жүзінде қолдануда екенін айтты.
Негізгі мәселе – құқық қолдану тәжірибесі, оның жиілігі мен әкімшілендірілуі. Қазір ең маңыздысы – осы бағыт, – деп түсіндірді ол.
Депутат дипфейктер үшін жеке жауапкершілік енгізу қажеттігі туралы сұраққа жауап бере отырып, әзірге мұндай қажеттілік жоқ екенін жеткізді. Оның пікірінше, қазіргі механизмдер жеткілікті, ал жаңа нормаларды құқық қолдану тәжірибесі қалыптасқаннан кейін ғана қарастыру керек.
Сонымен қатар ол синтетикалық контентті таңбалау сияқты шаралардың қылмыскерлерге әсері шамалы болатынын айтты. Себебі олар бастапқыдан-ақ заңнан тыс әрекет етеді.
Таңбалау – қылмыскерлер үшін емес. Бірде-бір қылмыскер өз дипфейкін таңбаламайды. Бұл – қисынсыз. Қылмыскер бәрібір қылмысын жасай береді, – деді Смышляева.
Сонымен бірге депутат болашақта жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдаланғаны үшін жауапкершілік күшейтілуі мүмкін екенін жоққа шығармады. Қазіргі кезеңде басты басымдық – құқық қолдану тиімділігін арттыру және халық арасында алдын алу жұмыстарын күшейту болып отыр.
Еске салайық, бұған дейін дипфейк, VPN және деректерге қатысты алаяқтар неге бір қадам алда деген мәселе көтерілген болатын.
Тағы оқи отырыңыздар:
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа тәсілі таралуда: ІІМ ескерту жасады.
Астанада мыңға жуық киберқылмыс тіркелді: Маман қалай қорғану керек екенін айтты.
«Зейнетақы рейтингін көтеремін»: Ақтөбеде 22 адамның атынан несие рәсімдеген жігіт ұсталды.