Алматыда қалалық діни бірлестіктер басшылары клубының жиыны өтті

23 Мамыр 2019, 17:15
3440
Бөлісу:
Алматыда қалалық діни бірлестіктер басшылары клубының жиыны өтті
PHOTO

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Жиын барысында қаладағы діни ахуал мен түрлі діни бірлестіктердің қарым-қатынасы сөз етілді.

Клубтың жиынына қаладағы діни бірлестіктердің басшылары, Қоғамдық кеңестің мүшелері, оқытушылар, докторлар мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің дінтанушылары қатысты.

Алматыда қалалық діни бірлестіктер басшылары клубының жиыны өтті

Жиын барысында Клубтың жетекшісі, «ҚР-дағы терроризм мен экстремизм проблемаларын зерттеу орталығы» ҚҚ-ның президенті Кәкімжан Бишманов сөз сөйлеп, елімізде діни қажеттілік пен сенім үшін барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.  

«Қазір ғана таныстыру стендінен діни бірлестіктердің өмірі мен қызметі туралы таныстық. Осы тұста діни бірлестік басшыларының Клубы қаламыздағы діни бірлестіктердің диалог алаңына айналғанын көріп отырмыз», - деді ол. 

Аталған клуб – Алматы қаласы қоғамдық даму басқармасы жанынан құрылған ерікті түрде кеңес беру ұйымы. Қазіргі таңда Алматыда 17 конфессия мен 180 діни бірлестік бар. 113 діни ғимарат қызмет көрсетуде. 4 рухани оқу орталығы жұмыс істейді. 

«Алматы түрлі діни, мәдени, этностар мен тілдердің  бас қосқан орталығы. Мың бояулы қала деп текке айтпайды. Қазіргі таңда Алматыда түрлі ұлттар мен әртүрлі діни сенімді ұстанатын адамдар достастықта өмір сүріп жатыр. Еңбек етіп, балаларын тәрбиелеуде. Осы тұста православты христиандарды Вознесенск кафедральды шіркеуінде көлемді жөндеу жұмыстарын аяқтауымен құттықтағым келеді», - деді Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков.

Жиынға қатысушылар қаладағы діни ахуалды талқылай келе христиандарды Пасха мерекесінің аяқталуымен және мұсылмандарды Рамазан айының басталуымен бірін-бірі құттықтады. Сондай-ақ, келушілер діни бірлестіктер арасында қарым-қатынастың нығаюына атсалысқан Клуб жетекшісіне өз алғыстарын білдірді.

Отырыстың соңында Кәкімжан Бишманов Клубтың екі жылдық жұмыс қорытындысын жариялап, алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. 

Кездесу барысында күзде Алматы қаласында түрлі конфессия өкілдерінің қатысуымен көркем өнер фестивалі өтетіні айтылды.

Өзгелердің жаңалығы