Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі басталды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Съезд дұға жасауға арналған бір минут үнсіздіктен басталды.
Съезді Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашты.
Алғашқы құттықтау сөзді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастады.
Съездің пленарлық отырысы «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» тақырыбына арналған.
Съезге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып жатыр. Іс-шараға әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация келеді.
Жалпы съезд барысында конфессиялардың діни көшбасшылары, соның ішінде бұрын айналасымен күрделі қарым-қатынаста болған ұйымдар жетекшілері бір үстелге жиналды.
Осылайша, діни лидерлер ізгі ниеттің, кез келген айырмашылықты еңсеруге дайын болудың үлгісін көрсетеді.
VII Съезд аясында осы іс-шараның дәстүрлі ғана емес, сонымен қатар қазіргі қоғам үшін өзекті күн тәртібі де талқыланады: қазіргі әлемдегі әйелдердің орны және гендерлік теңдікке қол жеткізудегі діннің рөлі, сапалы білім және діни ағартушылық, цифрлық дамудың қарама-қайшылығы және цифрлық теңсіздік проблемалары.
Шетелдік сарапшылар мен беделді дін қайраткерлері осы өзекті мәселелерге қатысты өз ойларымен бөліседі.
Съезд қорытындысында Декларация қабылданады, оның мазмұны ағымдағы проблемалардың пайымын, оларды шешудің ықтимал жолдарын, сондай-ақ әлемдік діндер лидерлерінің ниеттерін, олардың халықаралық қоғамдастыққа жүгінуін көрсетеді. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады.
Съезден кейін Рим папасының ресми сапары барысында кең ауқымды діни Месса – Рим-католик шіркеуінің латын ғұрпындағы негізгі литургиялық қызмет өткеруі күтіліп отыр. Мессаға кез келген дін және номинал өкілдері келе алады. Рәсімге әлемнің түкпір-түкпірінен бірнеше мыңға жуық діндар қатысады.
Съезден ақпарат таратуға 300 БАҚ тіркелген. Оның ішінде Рим папасымен келген 81 журналист бар.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші Съезі 2003 жылы Қазақстанның астанасында өтті. Кейінгі съездер үш жылда бір рет 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары ұйымдастырылып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі халықаралық іс-шаралардың біріне айналды.