Әлеуметтік желіде екінің бірі күмәнді уағыз айтатындарға қатысты ҚМДБ мен дінтанушының пікірін сұрап білдік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Кім көрінген шешен, кім көрінген көсем»
Медреседе, ұстаздарда оқығандар бар. Олардың халыққа уағыз айтқаны дұрыс. Бірақ аузым бар екен, мен біледі екенмін деп сөйлей бергені дұрыс емес. Әрбір айтылған нәрсе дұрыс болуы керек. Уағызды кез келген жерде айта беру дұрыс болмайды. Айтылатын, айтылмайтын жерлер болады. Мысалы, дәрігерлер ішкі жұмыстарын, сырларын сыртқа паш ете бермейді ғой. Алайда бүгінде өздерінің кішкене оқып алған дүниелерін дереу әлеуметтік желіге айтуға тырысады. Ондай айтқыштардың артында нәпсі жатыр. Маған адамдар лайк басса, сол арқылы тезірек танымал болсам деп ойлайды. Әлеуметтік желіде уағыз айту дінді тарату емес. Дінді шынайы насихаттаудың үлесі аз. Бұл – жастардың желігі. Дін оқымай жүрген кезде желіккен болса, оны оқып желігін дін арқылы көрсетудің пішіні. Әрине, діндегі дүниелерді орнымен айтпаса, ол халыққа зиянын тигізеді, - дейді дінтанушы Мұхитдин Исаұлы.
Уағызшыларға бір тоқтам болуы керек.
Біздің елде министрлік бар. Мұндай мәселеге Ақпарат комитеті қарайды ғой. Олардың сараптауы бар. Олар қараған күнде де экстремизм, терроризмге қарайды да, мұндай жағдайды сараптамайды. Олар қарамаған күнде мүфтияттың өзі қарап, жарлық шығарып, өзінің ұстаздарына беталды шығуына рұқсат бермеуі тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, мүфтиятқа қатысы жоқ адамдар болса, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бар, АҚДМ бар, оларға рұқсат бергізбеуі керек. Әйтпесе, қазір кім көрінген шешен, кім көрінген көсем болып жүр, - дейді дінтанушы.
Мұхитдин Исаұлының айтуынша, психолог болып кеткендер де дінді семинарларына жиі қосады.
Әр сала туралы сол істің маманынан сұра дейді. Математика туралы сұрасаң академик Асқар Жұмаділдаев біледі дейді. Бірақ дін туралы сұрасаң, барлығы көсем, білгіш болады. Қазір оның үстіне әнші, журналист, айтыскерлер көріпкел, психолог болып кеткен. Олар Үндістанға барып, Буддизмнен ілім алып, транстарына кірді. Кейіннен еліміздің жастары арасында дінге деген бетбұрушылық туды. Ол модаға айналды. Қағбаға барып селфи жасап көрсету белең алғаннан кейін олардың көбі діндар болып кетті. Тіпті орамал тақпай жүргендер орамал тағып, салафизмге кіріп кетті. Айналып келгенде мұның астарында дінге, Құдайға құлшылық қылуға қарағанда, адам мен қоғамға құлшылық ету мәселесі тұр, - деді Мұхитдин Исаұлы.
«Ислам діні модаға айналды»
Дінтанушы атағандай, олар Ислам дінін пайдалану арқылы қоғамдағы моданы пайдаланады.
Оның түбінде атақты болу, жұмыс істеу, күнкөріс жатыр. Бизнес жасайтындар да тренинг өткізгенде арасына дінді қосып қоюы белең алды. Халық, жастар арасында жылдан жылға дінге бет бұру көбейіп келе жатқаны рас. Руханиятқа діни бетбұрыс жасалып жатқаны байқалады. Оны олар осындай дүниеге бұрып жіберді. Бұл бетбұрысты дұрыстау керек. Әйтпесе, әнші, психолог, бизнесмен болсын атақты болуы үшін Қағбаға барып, сондағы жерлерді көрсетіп, жарнама жасайды, - дейді дінтанушы.
Ол Құдайға құлшылық етуден гөрі, өз нәпсісіне құлшылық ететіндер туралы айтты.
«Міне, мен Қағбада жүрмін, Құдайға құлшылық етіп жүрмін» дейді. Бірақ олар Құдайға құлшылық етіп жүрген жоқ. Олар өздерінің нәпсілеріне, халыққа құлшылық етіп жүргендер. Дін деген дүниені ата-бабаларымыз қасиет қылып, екі баланың бірін молдалыққа оқыта бермеген. Мәшһүр Жүсіп Көпеев әулиелер кезінде іріктеп оқытатын болған. Шамасы келмесе, оқуын жалғастыртпаған. Халықтың арасында арнайы молда болмаса, оңды-солды уағыз айтқыза қоймаған. Сондықтан ол қасиетті дүние болған. Қазір бізде тыйым, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмай отыр, - дейді Исаұлы.
«Кәстөм-шалбар кигендер – гей»
Мысалы, өткенде бір молда шықты. Әлеуметтік желіде талқыланды. Ол бір ауылдың мешітіне тіркелген. Ұстаз болып тіркелмесе, оны ешкім тыңдамайды ғой. Өзі – Түркияның тарихаттарының өкілі. Кейбіреулері оларды «махмудшылар» дейді. Ол кәстөм-шалбар кигендер гей, ол гейдің киімі дейді. Сонда ол оқуға дейін кәстөм-шалбар киді. Әкесі, ағасы кәстөм-шалбар киеді. Сонда олардың барлығы гей ме? Үкіметтің адамдары киіп жүр, тойға барлығы солай киініп барады. Сонда ол гей деп, кімді айтып сандалып тұр? Өзінің сақалы бар, мұрты жоқ. Бүгінгі заманда уахабистер қалып, осындайлар көп шыға бастады. Уахабистердің Саудиядағы, Англиядағы штаб-пәтерлері жабылып, уахабизм, терроризм мәселесі емес, осындай радикалды адамдар шығып жатыр, - дейді Мұхитдин Исаұлы.
Дінтанушы атағандай, Исламды шектеуі көп дін ретінде көрсетеді.
Олар билеуге болмайды, тойға баруға болмайды демей, Құдайды танытпай ма, алдымен? Алланы, Пайғамбарды танытпай, сүйдірмей «анау болмайды, мынау болмайды» дейді. Бүгінгі күні елдің барлығы сол «болмайдымен», тозақпен қорқытқыш. Оның астарында нәпсі жатыр. Болады десе, оған ешкім мән бермейді. Ал «бұлай жасауға болмайды» десе, ол діннің атынан бұйрық береді. Яғни, бұйрықты мен беріп тұрмын, сондықтан маған табыныңдар, мені сыйлаңдар деген түр. Былайша айтқанда, дінді өзінің нәпсілік, пендешілік саясатына құрал етіп тұр. Әлеуметтік желіде айқайлап уағыз айтудың астарында танымалдылық жатыр. Бұл да қып-қызыл экстремизм, елді улау, іріткі салу, - дейді дінтанушы.
Мұхитдин Исаұлының айтуынша, олар сол арқылы дінді айтып жатырмын дейді.
Исламды жекешелендіру
Құранда Жаратқан мейірімді екені айтылады. Пайғамбарды адамға ғана емес, бүкіл әлемге мейірімділікпен қара деп жіберді. Олар оны бұлай түсіндіріп жатқан жоқ. Исламды құбыжық етіп көрсетіп жатыр. Шариғатты жақсы білсең де, арабша жақсы сөйлесең де, Меккені, Мысырды, Ливияны оқып тауыссаң да, халықты дінге шақырам деп ылаң салғаның үшін, 100 адамды діннен бездірген үшін нағыз тозағы өздері болып отыр. Одан былай тұрсын, Исламды өздеріне жеке меншік мүлік етіп алғандай сөйлейді. Жекешелендіру болса, еліміздегі жас шейхтер Ислам дінін жекешелендіріп алатын еді, - дейді дінтанушы.
Исаұлының айтуынша, олар-нағыз экстремистер.
Құдайдан кім бездірсе, сол нағыз экстремист болады. Құранда небір аят бар, оны айтатын, айтпайтын жер болады. Осындай дүниелердің тоқтамы болмаса, халық қандай болады? Тәңіршілдік пен басқа ағымдардың шығуына осындай Құдаймен қорқытқыш, Құдайды мейірімсіз етіп көрсеткен «оқымыстылар» себепші болып отыр. Дін деген – мейірім. Уағыз айтушылар 20 жыл сөйлеп не түсіндірді? Олар діннің мейірімсіз екенін көрсетті, - дейді Исаұлы.
Діни уағыздар - қазақша камасутра
Дінді білмесе де ерлі-зайыптылардың арасындағы төсек қатынасы туралы уағыз айтқыштар бар. Бірақ оның астында тек бизнес, табыс табу ғана жатыр. Кешегі айтыскер, әнші, әртістердің барлығы психолог, емші, көріпкел болып кетті. Осындай психологтар елордада үлкен бір залда тренинг өткізіп жатқан. Соның ортасындағы үзілісте «Ясин» сүресін қойып қойған. Ол діннен бейхабар адам, психологияны айтып жүрген адам, сүрені музыка сияқты қоя салған. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сәл бірдеңе болса тексеріп шығатындар, психологқа келгенде сараптама жасамай қалады. Көріпкелдер де дінмен байланыстырып жібереді. Айналып келгенде атақ пен дүние ғой, - дейді дінтанушы.
Оның айтуынша, О дүниедегі хор қыздары туралы да сенсация, хит болуы үшін айтады.
«Атың шықпаса, жер өрте» дейді ғой. Кешегі «Ұйқым келмейді» деген ән сияқты ғой. Тез арада хитке айналу керек. Сондықтан әлеуметтік желіде отыратындар жастар. Жастардікі – таза нәпсі. Олар нәпсінің төңірегінде әңгіме айтады. Мысалы, бір молда өз атағын шығару үшін нәпсіқұмарлық, хор қыздары туралы айтады. Қазір небір кинолар бар ғой. Сол сияқты адамның әуесін қоздыратын мәселелерді айтады. Ол хор қыздары арқылы Аллаға жақындатайын деп отырған жоқ, ол сол арқылы танымал болу, адам жинап, бизнесін дөңгелетуді ойлап отыр, - дейді дінтанушы.
Осылайша, олар атақтылармен келісіп, желіде уағыз айтушымын дейді.
Өліара кездің жастары
Үнемі осындай жеңіл дүниелерді айтады. Сол арқылы ақша табады. Бір сөзбен айтқанда – дінді сату. Бұрыннан «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болғанда басқаша болатын еді. 30 жылда билік оны жасаған жоқ. Бір әулетке ғана қызмет қылды. Бір адамның айналасында ғана әңгіме болды. Екінші адам басын көтерсе, қамыстың басы сияқты қиылды. Қазіргі Президентіміз демократияға жақын. Жастардың арасынан мықты тұлғаларды шығарамын деп жүр. Бірақ 30 жылда шықпаған тұлғалардың жоқтығынан өліара, тоқырау болып отыр. Бұл дін мәселесінде ғана емес, бүкіл салаға қатысты, - дейді ол.
Дінтанушы атағандай, «темірді қызған кезде соғу» керек еді.
Заманында небір тұлғаларды шығару керек еді. Математик, ұшқыш сынды мамандарды тұлға ретінде насихаттау керек еді. Идеология сондай болуы керек. Жапон елі ұлттық идеологиясына мықты болған соң озық ел болып отыр. Ұлттық идеологияның ішінде дін де бар. Осы идеология мықты болса, ел де мықты болады. Ал ол әлсіз болса, ол ел жұтылып кетеді. Кеңес кезінде жазушылар да қазақ қоғамына бейімделіп кете алмады. Уағыздың өзін tiktok-тан тыңдайтын жастарды кітап оқуға бейімдеу керек еді. Тоқсан ауыз сөзің тобықтай түйіні мықты идеология керек, - дейді ол.
«Шетелде оқығандарға 7 жыл уағыз айтқызбау керек»
Дінтанушының пікірінше, ел ішінен білімді тұлғаларды шығару керек.
Діни уағызды кім болса сол айта бермеуі керек. Мысалы, Өзбекстанда қай елден білім алса да, көрінгенге уағыз айтқызбайды. Адам бір елден діни білім алса, дінді ғана емес, сол жердің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, ұлттық идеологиясын, менталитетін дін деп жұтады. Сосын бізге келген соң сол жақтың киімін, сөз саптауын, уағыз айту мәнерін насихаттайды. Арабтан, түріктен оқып келгенін қарасаң, былайша қазақша болса да, түбінде арабтың формасы жатады, - дейді ол.
Мұхитдин Исаның айтуынша, оны қабылдаған кезде де адамдар сол елдің салтымен қабылдайды.
Сондықтан Араб елінде, Пәкістан, Түркияда оқып келген адамдарға кемінде 7 жыл уағыз айтқызбау керек. Олар әбден қазаққа сіңіп, мүфтияттың оқуынан өтіп, Абай мен Шәкірімді оқып қайта қазақ болмағанша, ешқайда шығартқызбау керек. Мысалы, мен екі жыл магистратураны Түркияда оқыдым. Елге келгенде маған сенің тіліңде бірдеңе бар ғой деп айтты. Бірақ мен оны байқамаймын, өзім қып-қызыл ұлтшылмын. Сол екі жылдың ішінде маған сондай әсер еткен. Оның өзінде мен 30-дың үстіне шыққанда бардым. Осыдан кейін мен уағыз айтпай қойдым. Ал қазір 18-дегі жастар шетел асып, Түркияға, Ливия, Сирияға оқуға барады. Оқуға барсын, бірақ келген соң 7 жылға дейін қазақылықты қайта сіңдірмей, емтихан тапсырмайынша, уағыз айтқызбау керек, - дейді ол.
ҚМДБ ресми өкілдердің уағызын тыңдауға шақырады
Бұл мәселеге қатысты біз Мүфтияттың да пікірін білдік. ҚМДБ Ақпарат бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы жеке тұлғалардың уағыздарына қатысты пікірін айтты.
Өкінішке қарай, соңғы кезде ҚМДБ жүйесінде жұмыс істемейтін, ресми қызмет етпейтін жеке тұлғалар Ислам діні туралы өзінің алған білімінің аясында, танымы мен түсінігі кеңістігінде дін жайында насихат айтып, халық арасында наразылық тудырып жатыр. Олардың логикаға сәйкес келмейтін, Ислам шариғаты талаптарына сай келмейтін сөздері, кейбір пәтуалары жамағат арасында келіспеушілік, түсінбеушілік тудырып жатыр. Ислам діні сөздің жауапкершілігі туралы мәселені жоғары орынға қояды. Хазрет Әли айтқандай, «адам сөйлегеннен кейін, сөздің тұтқыны болады». Сондықтан әрбір адамның сөзі-өзінің тұтқыны, - дейді Қонарбайұлы.
Оның айтуынша, діни басқармада жұмыс істемейтін, өз бетінше білім алған адамдар дінді түсіндірем деп жаңсақ пікірлерге, теріс бағыттағы танымдарға ерік береді.
Діни басқарма дінді өз бетінше түсіндіруге тырыспауға шақырады. Ел арасында қандай да бір сұрақ болса, Діни басқарманың ресми қызметкерінен, шариғат және пәтуа бөлімінен, аймақтағы шариғат бөлімшелерінен, мешіттегі ресми қызмет ететін имамдардан сұрап, солардан жауап алған дұрыс. Қазіргі таңда кімнің айтып жатқанына мән беру өзекті мәселеге айналды. Сондықтан біз жамағатты Діни басқарманың ресми ақпарат көздері мен ресми қызметкерлерінен ақпарат алуға, бір мәселе шықса, бізге жүгінуге үндейміз, - дейді ол.
Ағабек Қонарбайұлы сөз жауапкершілігіне мән берсе екен деген өтінішін айтты.
Біздің бір сөзіміз үлкен дау тудырып, елдің ынтымағы, бірлігіне сызат түсіруі мүмкін. Алдағы уақытта діни мәселе аясында уағыз айтам деген адамдар біздің имамдар мен ғалымдардан сұрап, солардың пікірі негізінде айтса деген ұсынысымыз бар, - деді Ағабек Қонарбайұлы.
Ол атағандай, дінді өз танымы аясында түсіндіретін азаматтар дінді тар түсінікте насихаттайды.
Олар қоғам арасында пікірталас тудырады. Яғни, жеңіл дүние көпшілікке тез тарайды. Желіде отырған кей азамат, осындай тұстарын ғана қиып, монтаждап ел арасына таратып жібереді. Сондықтан азаматтарды біржақты пікір таратпауға шақырамыз. Біздің имамдарымыз дінімізді дәстүрімізбен сабақтастырып, ақын-жыраулардың өлеңдері мен үлгі тұтатын тұлғалардың өмір өрнектерімен сабақтастырып түсіндіреді. Апта сайын мешіттерде уағыз айтылады, олар Діни басқарманың «Мұнара» телеарнасы мен мүфтияттың ресми сайты арқылы таралады. Осындай ресми ақпарат көздерінен насихат тыңдауға шақырамыз, - деді ол.
Қонарбайұлының айтуынша, видеоларды қиып таратушыларға өтініш айтты.
Біз қалай түсіндіреміз, халық солай қабылдайды. Ақпаратты сүзгіден өткізу қабілеті барлық адамда бар деп айта алмаймыз. Сондықтан оған да аса үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Діни басқармада арнайы уағыз және насихат бөлімі бар. Олар айтылатын уағыздардың мәтіні мен тақырыбын халық сұранысына қарай бекітеді. Пәтуа береді. Сондықтан осындай ресми уағыз бен пәтуаны тыңдауға шақырамыз, - деп түйіндеді Ағабек Қонарбайұлы.