Димаш Құдайберген Дюссельдорф қаласына келді. Мұнда 24 қазанда PSD Bank Dome аренасында оның DIMENSIONS әлемдік туры аясындағы екінші концерті өтеді. Өнер иесінің сахнаға шығуы қарсаңында Германиядағы фан-клуб дәстүрлі түрде пре-пати ұйымдастырып, қазақстандық әншінің жанкүйерлерін жинады.
Dimashnews таратқан мәліметке сәйкес, кездесуге Димаштың шығармашылық тобының мүшелері – бэк-вокалистер Зарина Божакова мен Диана Туржанова, сондай-ақ домбырашылар дуэті Темірлан мен Ернат қатысты.
Зарина Божакова жиналған қауымға «Дедім-ай-ау» халық әнін орындап берді. Ал домбырашылар «Күй шашу» және «East West» композицияларын ұсынды.
Музыкалық бағдарлама қазақтың «Қара жорға» халық биімен жалғасты. Димаштың командасы жанкүйерлермен бірге би билеп, оларды қазақ мәдениетімен музыка арқылы ғана емес, би арқылы да танысуға шақырды.
Кездесу музыкаға, биге және қазақ дәстүрлерімен танысуға толы жылы атмосферада өтті. Әртүрлі елдерден келген жанкүйерлер өзара әңгімелесіп, әсерлерімен және алдағы концерттен күтетін ойларымен бөлісті.
Мұндай кездесулер Dears халықаралық жанкүйерлер қауымдастығының игі дәстүріне айналған. Олар Димаштың өнері арқылы бас қосып қана қоймай, Қазақстанның мәдениетімен жақынырақ танысуға да мүмкіндік береді.