Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Димаш Құдайбергеннің 29 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін «Арнау» атты жеке концертіне соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Концерттің дайындығына 500-ден астам жоғары кәсіби маман тартылса, кешке 1200 метр матадан 150 сахналық костюм тігілген.
Жоғары деңгейдегі қойылымдық нөмірлер үшін балет труппасына халықаралық алаңдарда өнер көрсетіп жүрген еліміздің ең үздік бишілері мен акробаттары тартылды. Оның ішінде, «Notre dame de Paris» мюзиклінің әртістері, «Танцы на ТНТ» жобасының қатысушылары және батуттық гимнастика бойынша спорт шеберлері бар.
«Концертке дайындық мерзімінде әуеде жалпы қашықтығы 150 мың шақырымды құрайтын 50 рейс жасалды. «Арнау» концерті үшін 200 кВт дауыс, 600 м2 лэд-экран, 1000 жарық құрылғылары қолданылады», - деп атап өтті «Қазақстан» РТРК» АҚ коммерциялық директоры Жаннұр Айдарбекова.
Сондай-ақ, 29 маусым күні концерт алдында, сағат 19:35-те «Qazaqstan» Ұлттық арнасы тікелей қосылымға шығатынын жеткізді. Ал, концерттің теленұсқасы 6 шілдеде көрсетіледі.
Концерт ұйымдастырушыларының айтуынша, кеш билеттерін әлемнің 64 елінен 10 мыңға жуық тыңдарман сатып алған. Оның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Бразилия, Мексика, Канада, Австралия, Швейцария, Малайзия, Сингапур, Египет, Израиль және Марокко сынды алыс мемлекеттердің және Африка құрлығының тыңдармандары бар.
«Алдағы уақытта болатын концертіме келетін барша көрерменге алғыс айтамын. «Семіз айтып, арық шықпасы үшін» концертімде қандай ерекшелік болатынын алдын ала айтпай-ақ қояйын. Бұл концертте жаңа әндермен, бір-біріне ұқсамайтын қойылымдар болады», - дейді ол.
Сондай-ақ, Димаш концерт ата-әжесі, әкесі және анасының, сонымен қатар ұстаздарының қатысуымен өтетінін айтты.
«Бұл концертте шетелде өткен концерттеріме қарағанда қаттырақ қобалжимын, себебі бұл жақта отандық өнер адамдары мен өзімнің ұстаздарым болады. Ұстаздарымның алдында мен өзімді студент сезінем», - дейді ол.