- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Диктофоннан AI дәуіріне дейін: Қазақстан журналистикасы қалай өзгерді?
Диктофоннан AI дәуіріне дейін: Қазақстан журналистикасы қалай өзгерді?
AI мен әлеуметтік желілер медианың жұмыс қарқынын жеделдетіп, журналистке жаңа талаптар қойды.
Кеше 2026, 10:30
Жасанды интеллект, Telegram және әлеуметтік желілердің дамуы журналистиканың жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертті. Алайда технология қанша дамығанымен, сенімді ақпаратқа деген сұраныс пен кәсіби журналистің жауапкершілігі өзгерген жоқ. BAQ.KZ тілшісі соңғы жылдары Қазақстан медиасында болған өзгерістерге, цифрлық дәуірдің мүмкіндіктері мен сын-қатерлеріне және журналистиканың алдағы бағытына шолу жасады.
Журналистика – уақытпен бірге үздіксіз өзгеретін мамандықтардың бірі. Соңғы жиырма жылда Қазақстан медиасы да түбегейлі жаңарды. Редакциялардың жұмыс тәсілі, жаңалық тарату жылдамдығы, ақпарат тұтыну мәдениеті және журналистің күнделікті міндеті мүлде басқа деңгейге көтерілді.
Бүгінгі тілші тек мәтін жазбайды. Ол видео түсіреді, әлеуметтік желіні жүргізеді, тікелей эфирге шығады, деректі тексереді және аудиториямен байланыс орнатады. Технология жұмысты жеңілдеткенімен, ақпарат ағынының артуы бұл мамандыққа қойылатын талапты бұрынғыдан да күшейтті.
Блокнот пен диктофон дәуірі қалай аяқталды?
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында журналистің басты құралы блокнот пен диктофон еді. Сұхбат қолмен жазылып немесе диктофонға түсіріліп, кейін қағазға көшірілетін. Газетте материалдың жарық көруіне кейде бірнеше күн кетсе, теледидар нақты эфир кестесіне тәуелді болды. Ол кезде ақпараттың жылдамдығынан бұрын оның дәлдігіне басымдық берілетін.
Интернеттің кең таралуы бұл жүйені түбегейлі өзгертті. Алғашында редакциялар баспасөз материалдарын сайтқа жариялаумен шектелсе, кейін ақпарат агенттіктері мен интернет-басылымдар көбейді. Соның нәтижесінде жаңалықтың өмірлік циклі бірнеше күннен бірнеше минутқа дейін қысқарды.
Қазір ақпарат алдымен әлеуметтік желіде тарайды. Артынша Telegram арналары жариялайды, кейін ақпарат агенттіктері ресми мәліметпен толықтырады. Дәстүрлі БАҚ енді жаңалықтың өзінен бұрын оның себебі мен салдарын түсіндіруге көбірек мән береді.
Бұл өзгерістер Қазақстанға ғана тән емес. UNESCO ақпараттық және медиасауаттылықты XXI ғасырдың маңызды құзыреттерінің бірі деп бағалайды. Ұйымның пікірінше, ақпарат көлемінің артуы журналистерден ғана емес, қоғамнан да ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай білуді талап етеді. Қазақстанда да соңғы жылдары медиасауаттылықты дамытуға бағытталған бастамалар көбейіп келеді.
Жаңалық үшін сағат емес, минуттар күреседі
Бүгінде ақпарат құралдары арасындағы басты бәсеке – жылдамдық. Егер бұрын редакциялар жаңалықты келесі күні бірінші болып жариялауға ұмтылса, қазір есеп секундпен жүреді. Оқиға орнындағы видео бірнеше минуттың ішінде мыңдаған адамның телефонына жетеді.
Алайда қазіргі журналистиканың басты міндеті бірінші болып жариялау ғана емес, ақпараттың шынайылығын тексеру.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттың бәрі бірдей рас бола бермейді. Әсіресе төтенше жағдайлар мен қоғамдық резонанс тудыратын оқиғалар кезінде ескі кадрлар мен жалған видеолар қайта таралатын жағдайлар жиілеп кетті.
Сондықтан редакциялар бұрынғыдан әлдеқайда көп уақытын фактіні тексеруге жұмсайды. Бұл – оқырманға көріне бермейтін, бірақ қазіргі журналистиканың ең маңызды кезеңдерінің бірі.
AI журналистің орнын баса ала ма?
2022 жылдың соңында ChatGPT көпшілікке қолжетімді болғаннан бері әлемдік медиада «Жасанды интеллект журналистердің орнын баса ма?» деген сұрақ жиі қойыла бастады. Бүгінде оған жауап айқындала түсті: AI журналистің орнын алмастырған жоқ, бірақ оның жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертті.
Қазір көптеген редакция жасанды интеллекті сұхбатты мәтінге түсіруге, ұзақ құжаттарды қысқартуға, аударма жасауға, тақырып ұсынуға және бейнематериалдарды өңдеуге пайдаланады. Бірнеше жыл бұрын мұндай жұмыстардың бәрін адам атқарса, қазір олардың едәуір бөлігі бірнеше минутта орындалады.
Соған қарамастан, AI жаңа ақпарат жинамайды, оқиға орнына бармайды, ресми сауал жолдамайды және деректің шынайылығына жауап бермейді. Сондықтан редакциялар үшін ол автор емес, көмекші құрал ғана.
ЮНЕСКО да осы ұстанымды қолдайды. Ұйымның 2023 жылғы «Журналистика және жасанды интеллект жөніндегі нұсқаулығында» редакциялық шешім мен жарияланған материал үшін жауапкершілік міндетті түрде адамда қалуы тиіс екені атап көрсетілген.
Жұмыс жеңілдеді ме, әлде қиындады ма?
Бүгінде диктофондағы бірнеше сағаттық жазбаны арнайы бағдарлама санаулы минутта мәтінге айналдырады. Аударма, бейнемонтаж және сурет өңдеу сияқты жұмыстар да бұрынғыдан әлдеқайда жылдам орындалады.
Алайда үнемделген уақыт басқа міндеттерге жұмсалады. Егер бұрын тілші ақпарат жинауға көбірек уақыт бөлсе, қазір оның рас-өтірігін тексеруге басымдық береді. Deepfake технологиялары мен AI көмегімен жасалған сурет, аудио және видеолар редакциялардың жұмысын күрделендірді.
Reuters Institute зерттеулері де осы үрдісті растайды. Әлемдегі жетекші редакциялар үшін ең басты құндылық – ақпарат көлемі емес, аудиторияның сенімі.
Сондықтан қазіргі журналист ақпараттың шығу көзін тексеріп, бірнеше дереккөзді салыстырады, фото мен видеоны верификациядан өткізеді, ресми органдардың жауабын күтіп, сарапшылардың пікірін саралайды. Демек, технология кейбір техникалық жұмысты жеңілдеткенімен, редакциялық жауапкершілікті бұрынғыдан да күшейтті.
Telegram дәуірінде редакция қалай өзгерді?
Қазақстандағы медиа кеңістігін өзгерткен платформалардың бірі – Telegram. Бұрын оқырман жаңалықты сайттан оқыса, қазір көпшілік алдымен Telegram-арналардағы қысқа хабарламаны көреді.
Соған сәйкес редакциялардың жұмыс тәсілі де өзгерді. Бір жаңалық бірнеше форматта дайындалады: алдымен Telegram-ға қысқа мәтін жарияланады, кейін сайтқа толық нұсқасы шығады, одан соң әлеуметтік желілерге бейімделген жазба мен бейнематериал әзірленеді.
Бұл журналистен тек мәтін жаза білуді емес, бірнеше платформада қатар жұмыс істеуді талап етеді. Бүгінгі тілші камера алдында еркін сөйлеп, әлеуметтік желінің ерекшелігін түсініп, мобильді құрылғымен видео түсіріп, цифрлық құралдарды меңгеруі қажет.
Яғни журналистикадағы ең үлкен өзгеріс технологияның өзінде емес, журналистің кәсіби бейнесінде болып жатыр.
Ең оқылған:
- Аптап ыстық және нөсер жаңбыр: Синоптиктер ескерту жасады
- Маңғыстау тұрғындары шаңды құйынды видеоға түсіріп алды
- 8,5 млн теңгеге сатқан: Ақтауда алаяқтар зейнеткерді жалғыз баспанасынан айырды
- Месси гол соғып, Аргентина әлем чемпионатындағы үшінші жеңісіне жетті
- Қазақстанның оңтүстігінде никабқа тыйымды бұзған ондаған адам анықталды
Мақпал ОРЫНБЕК