«Дикая Орда» анонимді Telegram-арнасының авторы сотталды

18 Қазан 2024, 17:39
319
Бөлісу:
«Дикая Орда» анонимді Telegram-арнасының авторы сотталды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ -архив

 Астанада «Дикая Орда» анонимді Telegram-арнасының авторы сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

18 қазанда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты А. және С.-ға қатысты: мынадай үкім шығарды.

Күдікті А. адамды сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан пайдакүнемдiк ниетпен көрінеу жалған сөз жеткізу (ҚК 419-бабының 3-бөлігі), сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратудың 2-эпизоды (ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы) бойынша; - С. адамды сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп айыптаумен ұласқан көрінеу жалған сөз жеткізуді ұйымдастыру (ҚК 28-бабының 3-бөлігі - 419-бабының 3-бөлігі) бойынша үкім шығарды, - делінген хабарламада.

Тағылып отырған айып қандай?

А., «Дикая Орда» анонимді Telegram-арнасының авторы бола отырып, 2024 жылғы қаңтар және ақпан айларында С.-ның тапсырысы бойынша аталған телеграмм-арнасында лауазымды тұлғаға қатысты оның сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасаған деген бірнеше мақала жариялаған, - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, А. осы әрекетін тоқтатпай, өзінің қылмыстық әрекетін жалғастыра отырып, журналист Е. және Астана қаласы әуежайының бас директоры А.-ға қатысты жалған ақпараттар жариялап, олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген.

Сотталушылардың кінәсі іс материалдарымен, тиісті сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

▪️ Сотта прокурор айыпты қолдап, - А.-ға ҚК 58-бабы 3-бөлігі бойынша түпкілікті 5 жыл;
- С.-ға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

▪️ Сотталушылар кінәсін мойындамады.
Қорғаушы тарап олардың әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Санкция

- ҚК-нің 419-бабы 3-бөлігі 3-тен 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді;

ҚК-нің 274-бабы 2-бөлігі 3000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот сотталушыларда кәмелетке толмаған балалардың болуын жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін, ал қылмысты адамдар тобының алдын ала сөз байласу арқылы жасауын ауырлатытын мән-жайлар деп таныды, - делінген хабарламада.

Үкім

Сот үкімімен А.-ның бірнеше (3-еу) қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағанын ескере отырып, ҚК-нің 419-бабының 3-бөлігі, 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін кінәлі деп танылып, ҚК-нің 58-бабының 3-тармағымен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

С. ҚК 28-бабының 3-бөлігі - 419-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, ҚК-нің 63-бабын қолданып, бір қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны ескеріле отырып, шартты түрде сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы