Десантшылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған марафонды бастады

11 Ақпан 2021, 19:35
2105
Бөлісу:
Десантшылар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған марафонды бастады

Алматы, BAQ.KZ. Қорғаныс министрінің бұйрығымен Қазақстан Қарулы күштері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шараларды бастап кетті.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының ұйымдастыруымен «Менің Отаным – Менің Қазақстаным» атты «Әндер марафоны» патриоттық акциясы басталды.  

«Әндер марафонының» шымылдығын онлайн түрде Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан ҚК Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншілері ашты.

Алматы гарнизонының бастығы, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының нұсқауымен Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығының филиалы эстафетаны жалғастырып, алғашқы концерттерін Десанттық-шабуылдау әскерлерінен бастады. Алматы қаласында орналасқан 61993 әскери бөлімінің сарбаздары бір күндік жексенбілік демалыстарын әсем әннің әуенімен бастап, жандарына рухани азық алды.

Концерттік бағдарламада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының вокалистері, ерекше дарын мен дауыс иелері Отанға деген патриоттық сезімдерді ояту, Қарулы Күштеріміздің жетістіктерін насихаттау, десантшылардың рухын көтеру тұрғысындағы әндерді жанды дауыста құйқылжыта орындады. Әншілердің құшағы гүлге, тыңдарманның жүрегі әсем әнге бөленген күн болды.

Елімізде жүргізіліп жатқан карантин шараларына байланысты көптеген концерттік бағдарлама өткізілмей келгені рас. Бірақ жеке құрамды патриоттық рухқа тәрбиелеудің бірден-бір жолы – Отанды сүюге деген ән жырлар арқылы жүректеріне жол таба білу. Сонымен қатар биыл еліміздің Тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толғалы отыр. Осы бағытта концерттік бағдарламаларды карантин шараларын сақтай отырып, өткізгенді жөн көрдік. Сарбаздардың қуанышында шек болмады. Қазақстан Республикасының әрбір азаматының қасиетті парызы саналатын осынау кең байтақ даланың қорғаушылары екендіктерін тұла бойымен сезінді. Кеуделерін мақтаныш кернеді, - деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Раджан Жанысов.

Жалпы, концерттік бағдарлама саптық алаңда тыңдарман мен орындаушының арасындағы арақашықтықты, карантин шараларын сақтай отырып өткізілді. Айта кетейік, жоспар бойынша марафон Десанттық-шабуылдау әскерлерінің Қапшағай, Талдықорған, Сарыөзек, Жаркент гарнизондарында жалғасын табатын болады. 

«Әндер марафонын» десантшылардан бастауымыз тегін емес. Бұлар еліміздің отқа да, суға да төзімді, ең рухты жауынгерлері. Бізді зор ықыласпен қарсы алып, үлкен қимастықпен шығарып салды, – деді Алматы қаласындағы Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалының бастығы Рыскүл Тағаева.

Өзгелердің жаңалығы